9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тұрақты тұру үшін 16,1 мың адам қоныс аударған. Ұлттық статистика бюросы мәлім еткендей, елге келгендердің саны әлі де кеткендер санынан басым болып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қаңтар-қыркүйек аралығында елден 5,9 мың адам көшіп кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4% аз. Көші-қон сальдосы оң мәнде қалып отыр – 10,2 мың адам.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүзеге асырылады. Достастық елдерінен келгендердің үлесі 82,7%, ал осы елдерге кеткендердің үлесі – 73,2%. Басқа мемлекеттерден келгендердің ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым.
Қазақстанға қоныс аударғандардың көпшілігі Алматы облысына – 4,4 мың адам, Алматы қаласына – 2,6 мың адам, Маңғыстау облысына – 2,3 мың адам және Астана қаласына – 1 мың адам көшіп барған.
Ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8% артты. Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо төрт өңірде қалыптасты: Астана – 67,2 мың адам, Алматы – 27,8 мың адам, Шымкент қалаларында – 13 мың адам және Алматы облысында – 8 мың адам.
Пікірлер