Бұл туралы аудан әкімі Ренат Құрмамбаев мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, соңғы екі жылда аудандағы демалыс орындары толық тексеруден өтіп, 70 кәсіпкер салықтық есепке алынды. Көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 1,5 есе өсіп, 1 млрд 580 млн теңгені құрады.
- Аудан туризмі барлық бағытта дамып келеді. Жағажайлар абаттандырылып, су түбі сүңгуірлер арқылы тексеріліп, белгілер орнатылып, құтқарушылар оқудан өтті. Жаңа Бұқтырма кентінде жолдар жөнделіп, электр желілері тартылды. Санитарлық-гигиеналық нысандар жасақталып, ескі сауда павильондары алынды, - деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, альпілік стильдегі коттедж қалашықтары бой көтеріп, тауда атпен серуендеу, балық аулау, жаяу жолдар ұйымдастырылды. Ал қыста тау шаңғысы жолдары, мұз айдыны және сырғанақтар іске қосылады.
- Алтай қаласынан 7 шақырым қашықтықта «Тенар» шаруа қожалығы тау шаңғысы кешенін салып жатыр. «Алтай Хамир» және «Скаут» ӘКК моншалары, қонақ үйлері мен ойын алаңдары бар белсенді демалыс орындарын дамытуда, - деді Ренат Құрмамбаев.
Ауданда ат спорты да қарқынды дамуда. Мәселен, «Кировский» ЖШС 50 орындық қонақ үй салып, классикалық ат спортына арналған жылқыларды өсірумен айналысуда.
Айта кетейік, биыл туристік салаға 229,5 млн теңге инвестиция тартылды.
Пікірлер