Бүгін ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ақорда баспасөз қызметінің ақпаратынша, бір адам «Парасат» орденінің кавалері, 6 адам «Құрмет» орденінің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 1 азамат, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 10 адам, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 6 еңбеккер марапатталды. «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды.
Марапатталғандардың қатарында екі шығысқазақстандық бар. «Верх-Катунь» ЖШС бас зоотехнигі Манарбек Абудллин мен «Ахмадиұлы» шаруа қожылығының басшысы Бауыржан Рапеков ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болды.
Манарбек Абудллин марал шаруашылығы саласы мен өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. «Верх-Катунь» ЖШС 350 бас марал өсіріп, жыл сайын 370 келіден астам консервіленген панта өндіреді. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын белсенді жүргізіп, Ресейдің Алтай өлкесінен асыл тұқымды мал сатып алады және өнім сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамытып келеді.
Ал Бауыржан Рапеков Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын дамытуға ұзақ жылғы еңбегі мен зор үлесі үшін марапатталды. Ол өсімдік және мал шаруашылығын өркендетіп, ауыл шаруашылығы техникасы мен инфрақұрылымның жақсаруына қолдау көрсетіп келеді. Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, спортшыларға қолдау көрсетеді және өз тәжірибесін жас мамандарға үйретеді.
Пікірлер