Бүгін «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы отырысында инклюзивті қоғамды дамыту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесуде дамуында ерекшелігі бар балаларды қолдау, әйелдердің өңірлік саясатқа қатысуы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшесі Мадина Әуренова ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс - негізгі бағыттардың бірі екенін айтты.
- Бұл бағытта оңалту мекемелері мен “Демеу”, “Страна чудес” орталықтарының жетекшілері жұмыс істейді. Біз тек қалада ғана емес, аудандарға да барып, ата-аналармен кездесіп, кеңес өткіземіз. Балалардың даму алгоритмін, іс-әрекеттерін анықтауға көмектесеміз. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасады, – деді ол.
Сондай-ақ отырыста әйелдердің саясаттағы рөлі, дағдарыс орталықтарының жұмысы, инклюзивті қоғамды дамыту және оның перспективалары талқыланды.
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанаты басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинованың сөзінше, өңірде әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігі артып келеді.
- Статистикаға сүйенсек, түрлі саладағы көшбасшы әйелдердің үлесі 50%-дан асады. Әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау салаларында ана мен баланы қорғау бойынша түрлі іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Әйелдің саясаттағы рөлі өңір дамуына ықпал етеді, – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар дайындалды.
Пікірлер