
Облыс әкімдігінде өткен кезектен тыс сессияда өңір үшін маңызды бірнеше мәселе қаралды. Соның бірі – облыс аумағында жалпы су пайдалану қағидаларын бекіту, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтің сөзінше, су пайдаланудың жаңа қағидалары қабылданд. Жаңа құжат аймақтағы кез келген азаматқа су қоймаларын тұрмыстық қажеттіліктерге, балық аулауға, демалуға және ауыл шаруашылығы малына суаруға рұқсат беру тәртібін нақтылайды. Сонымен қатар, су айдындарын ластау мен қоқыстауға тыйым салатын шектеулер бекітілді.
– Облыс аумағында жалпы су пайдалану қағидалары енгізілді. Ережеге сәйкес кез келген азамат су айдындарын жеке қажеттілігі үшін тегін пайдалана алады. Балық аулау, демалу және мал суару тәртібі белгіленді. Сондай-ақ су айдындарын ластауға жол бермеу талаптары күшейеді, – деді басқарма басшысының орынбасары Арман Есентаев.
Бекітілген қағидалар алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Сессияда қаралған тағы бір келесі мәселе – өңірде жасыл желектерді отырғызу, күтіп-ұстау және қорғау ережелерін жаңарту. Құжатты дайындау жұмысы аяқталуға жақын. Бұл туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек алға тартты.
– Жобаны іске асыру үшін қосымша қаржы талап етілмейді. Құжат халықаралық келісімдерге қайшы келмейді. Ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді және өзге нормативтік актілерге түзету енгізуді қажет етпейді. Жоба 2025 жылғы 1 қазанда ашық интернет-платформада жарияланып, тұрғындарға алдын ала танысуға мүмкіндік берілді. Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енуі жоспарлануда, – деді Рауан Тұрысбек.
Сессияда өңір бюджетіне қатысты мәселелер де қаралды. ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, облыс үшін ең өзекті бағыттардың бірі – білім беру жүйесін жаңғырту. Оның мәліметінше, “Келешек мектептері” ұлттық пилоттық жобасына республикалық трансферттердің азаюына қарамастан, өңірде жаңа білім нысандарының құрылысы жалғасады.
– Өскеменде 19-шағын ауданындағы 600 орындық, Белоусовкадағы 300 орындық, Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы 300 орындық мектептердің құрылысы жалғасады. Облыстың өз кірістерінен бұл салаға қомақты қаражат бөлінді: педагогтердің еңбекақысына — 857,8 млн теңге, коммуналдық шығындарға — 495,2 млн теңге, оқыту мен тамақтандыруды қамтамасыз етуге — 390 млн теңге, жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты толықтыруға 385 млн теңге қарастырылды, – деді ол.
Сессия соңында ҚР Парламенті Сенаты атынан бірқатар облыстық мәслихат депутатына Құрмет грамотасы табысталды.
Тізім төмендегідей:
- Тұрабек Әзекенов — облыстық маслихаттың VII және VIII шақырылым депутаты, «Қазцинк» ЖШС бас директорының кеңесшісі.
- Азамат Есембулов — облыстық маслихаттың VIII шақырылым депутаты, «Азаматтарға арналған үкімет» Шығыс Қазақстан филиалының директоры.
- Дмитрий Сомов — облыстық маслихаттың VII және VIII шақырылым депутаты, «Востоквзрывпром» ЖШС директоры.
- Сергей Бежецкий — облыстық маслихаттың VIII шақырылым депутаты, «УМЗ» АҚ Басқарма төрағасы.
- Сәуле Рахметуллина — облыстық маслихаттың VIII шақырылым депутаты, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры.
Кезектен тыс сессияда қабылданған шешімдер су ресурстарын тиімді пайдалану, жасыл желектерді қорғау, білім сапасын арттыру және аймақ инфрақұрылымын дамытуға бағытталды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер