Туризм және спорт министрлігі қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар үшін қыста ерекше көрінісімен, табиғатымен және белсенді демалыс мүмкіндіктерімен танымал жеті бағытты ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл тізімге Шығыс Қазақстан облысынан екі орын енді.
Солардың бірі саналатын Риддер – Батыс Алтай табиғи қорығы (ШҚО) тынығушылар әркез ғажайып өлкелердің бірі.
Алтай тауларының інжу-маржаны саналатын Риддер қыста ерекше сұлулыққа бөленеді. Тайганың тыныштығы, қар жамылған беткейлер мен тау ауасы демалушыларға мінсіз атмосфера сыйлайды. Мұнда тау шаңғысы, фрирайдинг, сноуборд, қысқы жаяу серуендеу, фототурлар келім-кетімді адамға қайталанбас әсер сыйлайды. Аймақ экотуризмнің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді.
Келесі – Катонқарағай ұлттық саябағы. Республикадағы ең ірі ұлттық парктердің бірі қыс мезгілінде нағыз ертегі әлеміне айналып үлгерген. Туристер үшін Берел қорғандары, Рахман бұлақтары, Қаракөл көлі және ақ қар жамылған ормандар қолжетімді. Бұл жерде экотурлар, жаяу серуендеу, фотосеруендер қарастырылған.
Алматы – қысқы спорттың орталығы. Ондағы Шымбұлақ — Орталық Азиядағы ең танымал тау шаңғысы курорты, түрлі деңгейдегі беткейлерімен ерекшеленеді.
Бурабай ұлттық саябағы
Қыстағы Бурабай ертегі орманы мен мұз қатқан көлдерімен отбасылық демалысқа таптырмас орын. Оқжетпес, Бурабай көліне барып, қар басқан қарағайлы ормандарды тамашалауға болады. Тынығушылар шаңғы, коньки тебу, қысқы серуендермен уақытын қызықты өткізе алады.
Көкшетау ұлттық саябағы – Шалқар және Имантау көлдері
Тыныштықты, табиғатпен үндес демалысты қалайтындарға арналған бағыт. Қар жамылған қайың тоғайлары мен тыныш көлдер теңдессіз көрініс сыйлайды. Барсаңыздар қысқы орманда серуендеп, мұзда балық аулап, фотосессиялар жасай аласыздар.
Жетісу аймағындағы Жоңғар Алатауы да керемет жер. Экотуризмнің болашағы зор бағыттарының бірі. Биік жоталар мен қарлы асулар фрирайдинг пен қысқы жаяу серуендеуге қолайлы.
Баянауыл ұлттық саябағы
Қыста Баянауыл мистикалық көрінісімен ерекшеленеді.
Жасыбай көлі, Қоңыр әулие үңгірі, Ботакөз орманы және Торайғыр көлі – туристер арасында танымал нысандар.
Бұл аумақ та жоғарыдағы жерлер сияқты шаңғы теуіп, экотурлар жасауға қолайлы.
Министрлік қыс мезгілін елдің табиғи, мәдени және туристік әлеуетін қайта ашуға мүмкіндік ретінде қарастырады. Ішкі туризмнің дамуы өңірлік экономикаға оң әсер етіп, табиғи мұраны сақтауға және жаңа әсерлерге жол ашады.
Пікірлер