
Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, биыл шаһарда ұлттық дәстүрлерді сақтау, қала тұрғындарының шығармашылық әлеуетін дамыту және патриоттық рухты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шара мен жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жыл басынан бері атаулы даталар мен мерекелер назардан тыс қалмай, кең көлемде атап өтілді.
– Жыл көлемінде 50-ден астам мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Барлық іс-шараға шамамен 120 000-нан аса адам қатысты. 15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шара, 14-20 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі ұйымдастырылды. 22 наурызда Республика алаңында шығысқазақстандық шығармашылық ұжымдардың, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен күндізгі және кешкі мерекелік концерт өтті. 15 сәуір – Қозы Көрпеш Баян Сұлу күніне орай Республика алаңындағы бас киіз үйде қала жастарының қатысуымен Etno Quiz зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай фестиваль, «Жеңіс эстафетасы» театрландырылған көшпелі шеруі, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою салтанаты, «Өз шырағыңды жақ!» дәстүрлі акциясы, «Ұрпақтар жадында» күндізгі және кешкі концерті өтті. Көру қабілеті төмен орындаушылар арасындағы республикалық «Екі жұлдыз» фестивалі қолға алынды. Онда қатысушылар шығысқазақстандық композиторлардың шығармаларын орындап, жоғары вокалдық шеберліктері мен рухани мызғымас қайсарлықтарын көрсетті, – деді Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз Нұрғалиев.
Бұдан бөлек, ҚР Конституциясының 30 жылдығы мен қала күніне арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, көше мәдениеті фестивалі, «Опереттаның жұлдызды сәті» классикалық музыка кеші, 1980–2000 жылдар стиліндегі ретро-кеш, Аналар шеруі» мен «Oskemen qalaysyn» интерактивті ойындар кеші.
Тамыз айында Жазушы, драмашы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған "Жарық дүние" республикалық әдеби байқауы ұйымдастырылды.
Қазір облыс орталығындағы мәдениет бөліміне қарасты «Самғау» мәдени қызметі мен бұқаралық спортты дамыту орталығында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Биыл орталыққа 1 дыбысұлғайтқыш құрал-жабдығы сатып алынды. Ал Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 13 кітапхана бөлімшесі көпшілікке ақпараттық-мәдени қызмет көрсетеді. Онда барлығы 108 адам (оның ішінде - 78 маман) жұмыс істейді. Кітапхана қорында 180 361 кітап бар, оның 66 881-і қазақ тілінде. Осы жылы мәдени мекемеге RFID (Radio Frequency Identification) технологиясы, 3D басып шығару құрал-жабдықтары, ноутбуктер сатып алынды.
– Биыл кітапханада бірнеше бірегей жоба қолға алынды. Мәселен, «RFID (Radio Frequency Identification)-технология – кітапханада» жобасы кітапхана қызметін автоматтандыру және бұқараға сапалы, жылдам, жан-жақты қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін радиожиілік сәйкестендіру жүйесі. Бұл бірыңғай оқырман билеті жүйесін жүзеге асыру арқылы бұқараны кітапханаға тіркеу, кітап беру және қабылдап алу қызметі жеделдетті. Яғни, оқырман орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 13 кітапхана бөлімшесінің қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ биыл мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға сандық үлгідегі заманауи технологияны пайдаланудың қыр-сырын үйретіп, қызығушылықтарын арттыруға арналған «TЕХНОSHEBER: 3D басып шығару» инклюзиялық орталығы іске қосылды. Ал демеушілер қолдауымен ашылған «БалаДАРЫН» анимациялық студиясы мүмкіндігі шектеулі балаларды кітап оқуға тарту және заманауи технологияны үйрету арқылы қабілеттерін дамытып, қоғаммен еркін қарым-қатынас жасауға бейімдеуді көздейді. «Кітапхана – егде адамдардың зияткерлік даму орталығы» жобасының мақсаты – зейнеткерлерге сандық үлгідегі технологиямен жұмыс істеуді, түрлі қызметтерді пайдалануды және жасанды интеллекттің қыр-сырын үйрету.
Жалпы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жыл басынан бері офлайн форматта 1417 іс-шара өтіп, 22 636 адам қатысты.
Тілге құрмет – елге құрмет
Облыс орталығында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен мәдени, танымдық және ағартушылық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және насихаттау бойынша О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді үйрететін «Кел, сөйлесейік! /Приходи, поговорим!» клубы жұмыс істейді. Клуб филиалдары 12 кітапхана бөлімшесі, «Альшемали» және «ТНП» сауда үйлері, «Эмиль» АҚ, «Өскемен жылу-электр орталығы» ЖШС, «Өскемен ГЭС» АҚ, «Жұлдыз» балалар өнер мектебі, «Өскемен Водоканал» мекемесінде ашылған. Қала бойынша «Кел, сөйлесейік!» клубының 670 тыңдаушысы бар, оның 550-і тұрақты қатысады. Олар үшін «Ана деп ән салам» этномәдени кездесуі, «Нұрға бөле, Ұлыстың ұлы күні» танымдық квиз, Отан қорғаушылар күніне арналған тақырыптық кездесу, «Мен Абайды оқимын» челленджі, «Жаз ертекпен жайдары – Battle» және «Тіл шебері» байқаулары өтті.
Облыс орталығында көрнекі ақпаратты (хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, ас мәзірі, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпарат түрлері) дұрыс рәсімдеу және түсіндіру жұмыстары да қолға алынған. Осылайша, 11 айда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен жұмыс тобы 80-нен астам кәсіпкерлік нысан иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Білім бөлімінің өкілдерімен халыққа қызмет көрсету барысында қолданылатын сөйлемдерден құралған «Тілдескіш» емханаларға, дәріханаларға, қонақүйлерге, сауда орталықтарына, қоғамдық көлік тұрағына, банктерге, пошталарға таратылды.
– Алдағы айда кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда. Онда «ҚР Тіл туралы» Заң талаптарына сәйкес көрнекі ақпаратты рәсімдеу және кәсіпкерлік салада мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселелері қарастырылмақ, – деді Алмаз Нұрғалиев.
Айта кетейік, осы бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасын таппақ. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылу аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік, ұлттық маңызы бар мерекелер мен атаулы күндерге арналған мәдени, танымдық және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің бизнес ортада қолданылуын жандандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпкерлер арасында түрлі байқаулар, реалити-шоулар, тілдік квиздер мен шеберлік сабақтар түріндегі заманауи форматтағы жобалар қарастырылуда.
Алдағы жоспарлар
Бөлім өкілдерінің ақпаратынша, 20 желтоқсанда Өскеменде «Шырша шамы жарқыра!» облыстың бас шыршасын жағу салтанаты өтеді. Онда ертегі кейіпкерлері, бойшаң қуыршақтар мен аниматорлардың қатысуымен театрландырылған қойылым, өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
20-28 желтоқсан аралығында Аблакетка шағын ауданы, Меновное және Ново-Явленка ауылдары тұрғындарына арналған тақырыптық мерекелік бағдарламалар өтеді.
Ал 31 желтоқсанда Республика алаңы, «Өскемен» аллеясы, Комендантка және «Үлбі» жағалауындағы тақырыптық алаңдарда жаңажылдық қалалық би кешін өткізу жоспарланған.
Келесі жылығы жұмыс жоспарына ұсынылатын жастарды қолдауға, креативті индустрияны дамытуға және ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған жаңа жобалар мен имидждік іс-шаралар концепциясы әзірлену үстінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен Жасанды интелекті меңгеру міндеттері негізінде кітапханада «Жасанды интеллект – ORKENIET OZECI” орталығының жұмысын сан сала бойынша жетілдіру жоспарлануда.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер