A+ A A-

talgatzhan 40 Кеше, 17:45 0

Олжас Бектенов тұрғын үй секторында өрттің жиілеуіне алаңдаушылық танытты

Бүгін / Республика

Жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

- Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, - деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттерді болдырмауды, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
- Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет. Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандырсын. Өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтсін. Орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек, - деді Олжас Бектенов.
Естеріңізге сала кетейік, кеше таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында өрттен қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Ал вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің қылмыстық құрамы жоқ екенін атап өтті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив