
Өскемендегі Аблакетка шағын ауданының тұрғындары қоғамдық көлік қызметіне шағымданды
Өткен аптада Аблакетка шағын ауданының тұрғындары «Бақыт жол» ЖШС көлік компаниясының жұмысына шағымданды. Айтуларынша, діттеген жерге не жете алмай, не кері қайта алмай қиналды. Балалар да мектепке әрең қатынап жүр. Тіпті автобусқа сыймай қалып жататын көрінеді. Арыз-шағымнан соң қала әкімдігі мен ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері тұрғындармен кездесіп, ресми жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұрап, қол жинаған. Ақыры әкімдік тасымалдаушыны ауыстыру туралы шешім қабылдады.
– Бұл өзгеріске төрт жылдан бері қол жеткізуге тырысып келеміз. Бірнеше сот болды, бәрін жеңдік. Бірақ әлі күнге дейін аялдамаларда бір жарым сағат тұрамыз, таңертең жұмысқа жету мүмкін емес, кешке қайту да қиын. Балалар да мектепке әрең қатынайды. Сондықтан «Бақытжол» тасымалдаушысын ауыстыруды сұраймыз, – деді азаматтар.
Қала әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов Аблакетка тұрғындарымен кездесуде тасымалдаушы өз міндеттемелерін орындамайтынын растады.
– «Бақыт жол» компаниясымен келісімшарт алдын ала жазбаша ескерту беріле отырып, 16 қарашада біржақты түрде бұзылды. Бұл мүмкіндік келісімшарттың өзінде де, сот шешімінде де қарастырылған. Тұрғындар тасымалдаушыны сотқа берді. Сот компанияны автобустардың шығу жиілігін 85% ұстап тұруды міндеттеді. Алайда төрт ай ішінде бұл талап орындалмай, 60-65% деңгейінде сақталып тұр. Көптеген шағымнан кейін келісімшарт бұзылды, - деді қала басшысының орынбасары.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мердігерді ауыстыру туралы шешім қабылданды. 16 қарашадан бастап Ақтөбеден келген «RTT GROUP» ЖШС қызмет көрсетеді. Жаңа компанияда 18 заманауи автобус бар, тағы төртеуі жолда.
Алайда «Бақыт жол» ЖШС басшылығы келісімшарттың бұзылуымен келіспейді. Ескі автобустар жолаушы тасымалдауды жалғастыруда. Қоғамдық көліктерде ONAY жүйесі өшірілген, ал жолақыны қалай қабылдап жатқаны түсініксіз. Компания басшыларының айтуынша, келісімшарт 2027 жылдың сәуіріне дейін жарамды. ТҮКШ бөлімі келісімшартты бұзу туралы хабарлама жібергенімен, оны біржақты тәртіпте жою мүмкін емес. ҚР заңнамасына сай, келісімшарт тек тараптардың өзара келісімімен немесе сот шешімі бойынша бұзылады.
Осы ретте қала әкімі Алмат Ақышов тасымалдаушыны ауыстыру туралы шешімнен бас тартпайтынын жеткізді.
– Бүгінде жолаушыларды тасымалдау мәселесі өзекті болып отыр. Кезінде өзім мектепке барған автобустар әлі жүр. Бұл мәселе кемі 20 жылдан бері шешілмей келеді. Мемлекет басшысы «Кәсіпкерлер – экономиканың локомотиві, біз адал кәсіпкерлерді қолдауымыз керек» деген. Егер адал жұмыс істейтін кәсіп иелері болса, оларды үнемі қолдайтын боламыз, – деді қала басшысы.
Айта кетейік, қаладағы қоғамдық көліктерге бөлінген жалпы субсидия сомасы – 1 млрд теңге. Оның ішінде «Бақыт жол» ЖШС 300 млн теңге алған.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер