A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:05 0

Алтай ауданында туристік қызметтерден қазынаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы түсті

Бүгін / Алтай

Биыл Алтай ауданының әлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындарға заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік туды. Білім, медицина, туризм және инвестициялық жобалар – бүгінде аудандағы басты басымдыққа айналып отыр. Бұл туралы Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жаңа білім ордасы бой көтерді

Аудан басшысының айтуынша, биыл Жаңа Бұқтырма кентінде мемлекеттік тілде білім беретін 200 орындық жаңа мектеп ашылды. Білім ошағының құрылысына 2 млрд 111,5 млн теңге жұмсалған.

– Ауданда білім беру саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Биыл 18 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 187,4 млн теңге көлеміндегі 24 жоба жүзеге асырылды. Осы жылы әлеуметтік осал санаттағы балаларды сауықтыру, ыстық тамақ және мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін 458 млн теңге бөліну көзделген, – деді ол. 

Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоры қаржыландыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында Серебрянск қаласындағы М.В.Инюшин атындағы №1 мектепте ауқымды жұмыс жүргізілді. Білім ошағының қабырғалары, төбелері және есіктері 21 млн теңгеге жөнделді.

– Желтоқсан айында бұл мектеп қосымша STEM зертханасы, арт-студия және телестудияға қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылады. Ол үшін 250 млн теңге қарастырылған, – деді аудан әкімі.

 

Амбулатория құрылысы аяқталуға жақын

Қазір ауданда медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жобалардың бірі – МРТ ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Белгілі болғандай, нысанның жалпы құны – 1 млрд 272,6 млн теңге. Оның 622,6 млн теңгесі құрылыс жұмыстарына, 650 млн теңгесі заманауи диагностикалық жабдық алуға бағытталған. 

– МРТ орталығы іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары қымбат әрі аса қажет диагностикалық тексерулерден өту үшін басқа жаққа сабылмайтын болады. Орталық Катонқарағай, Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл және Самар аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді, – деді Ренат Құрмамбаев. 

Бұдан бөлек, ауданда алғашқы медициналық көмек көрсетуді жақсарту бағытында жұмыстар жалғасуда.

– Қазір Тұрғысын ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Феклистовка ауылындағы медициналық пункт пен Октябрьский кентіндегі дәрігерлік амбулатория биыл пайдалануға берілді. Бұл нысандардың жалпы құны – 320,8 млн теңге. Денсаулық сақтау саласындағы жобалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді аудан әкімі. 


Тау-шаңғы кешені салынып жатыр

Соңғы екі жылда аудандағы демалыс орындары толық тексеруден өтіп, 70 кәсіпкер салықтық есепке алынды. Көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 1,5 есе өсіп, 1 млрд 580 млн теңгені құрады. 

– Аудан туризмі барлық бағытта дамып келеді. Жағажайлар абаттандырылып, су түбі сүңгуірлер арқылы тексеріліп, белгілер орнатылып, құтқарушылар оқудан өтті. Жаңа Бұқтырма кентінде жолдар жөнделіп, электр желілері тартылды. Санитарлық-гигиеналық нысандар жасақталып, ескі сауда павильондары алынды, – деді Ренат Құрмамбаев.

Альпілік стильдегі коттедж қалашықтары бой көтеріп, тауда атпен серуендеу, балық аулау, жаяу жолдар ұйымдастырылды. Ал қыста тау шаңғысы жолдары, мұз айдыны және сырғанақтар іске қосылған көрінеді.

– Алтай қаласынан 7 шақырым қашықтықта «Тенар» шаруа қожалығы тау шаңғысы кешенін салып жатыр. «Алтай Хамир» және «Скаут» ӘКК моншалары, қонақ үйлері мен ойын алаңдары бар белсенді демалыс орындарын дамытуда, – деді әкім.

Ауданда ат спорты да алға басып келеді. «Кировский» ЖШС 50 орындық қонақ үй салып, классикалық ат спортына арналған жылқыларды өсірумен айналысуда.

Айта кетейік, биыл туристік салаға 229,5 млн теңге инвестиция тартылды.

 

Қанша адам жұмысқа тұрды?

Биыл ауданда ауданында 1 902 жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы бойынша 609 тұрақты жұмыс орны ашылды.

– Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,5%-дан 4,2%-ға дейін төмендеді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1 135 азамат орналастырылса, аудан кәсіпорындары мен ұйымдарындағы бос орындарға 1 660 адам жұмысқа тұрды. Соңғы екі жылда аудан колледждері мен Зубовск кентіндегі «Фаворит» ЖШС-ның оқу орталығы базасында 62 жұмыссыз азамат кәсіби білім алды, – деді аудан басшысы. 

Чапаево ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінде «Көкөніс немесе жеміс консервілерін өндіру операторы» атты жаңа мамандық ашылып, 1 қазаннан бері 4 адам онлайн форматта оқып жатыр. 

Ал мансап орталығында 14 бос орындары жәрмеңкесі өтті. 2024-2025 жылдары аудан бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 25 грант берілген.

 

Ұлжан ЖАЛЫНДАҚЫЗЫ

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив