
Риддердегі туризм саласында 10 айда қандай өзгеріс байқалады?
Бұл туралы ақпаратты жуықта қала әкімінің міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан Өскеменде өткен брифинг барысында ұсынған еді. Өлкеде өсім байқалады. Жан-жақтан ағылған туристер, қаламен қатар, маңайдағы ауылдарда жүйелі жұмыстардың атқарылуы ілкімді істердің атқарылуына себеп болып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әлеуеті әріде жатқан шаһар
Мәлім болғандай, Риддер қаласы және Риддер өңірі аумағында 39 туристік нысан жұмыс істейді. Жалпы нөмірлік қоры – 515 нөмір, бір мезгілде орналастыру сыйымдылығы – 1586 төсек-орын.
2025 жылдың 9 айында туристер саны 32 650 адамды құрады, бұл 2024 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 5,8%-ға көп (2024 ж. – 30 850 адам).
Қаладағы қысқы туризм негізінен белсенді демалыс түрлерімен ұсынылған: қарда жүретін шаңғылар (снегоходтар), фрирайд, тау шаңғысы.
– Қауіпсіз және сапалы демалыс ұйымдастыру үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Қала аумағында екі тау шаңғысы базасы жұмыс істейді: «Star Dust Camp» және «Эдельвейс», олар қысқы спорт пен белсенді туризм әуесқойларына арналған кең қызметтер спектрін ұсынады, – деді Қаныбек Төлеухан.
Туристік саланың дамуына айтарлықтай серпін берген нысандар – «BearLog» демалыс базасы және «Ridder Resort Hotel». Бұл нысандар жыл бойғы демалысқа арналған кешенді қызметтер ұсынады: жазда – бассейн, багги-турлар, хайкинг; қыста – снегоходпен серуендеу, фрирайд, скитур, хелиски және тікұшақпен экскурсиялар.
– Инфрақұрылымды дамыту, тікұшақ алаңын салу және хели-ски қызметін енгізу жобалары белсенді қысқы туризмнің жаңа мүмкіндіктерін ашып, өңірдегі сервистің деңгейін арттырады. Жазғы маусымда экотуризм бағыттары дамып келеді – Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының бес туристік бағыты жұмыс істейді, сондай-ақ ішкі және кірме туризмді дамытуға бағытталған дәстүрлі фестивальдер мен іс-шаралар өткізіледі, – деді жауапты тұлға.
Туристік әлеуетті одан әрі арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту және саланы инвестициямен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді. Жаңа жобалар іске асырылып, туристік базаны кеңейту шаралары қабылдануда. Жыл соңына дейін тағы екі туристік нысанды іске қосу жоспарлануда: «Ridder Inn» қонақ үйі және «Палевая Яма» демалыс базасы.
Әуе арқылы жиналған дерек
Бұл нысандардың іске қосылуы нөмірлік қорды 37 нөмірге көбейтіп, өңірге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жалпы инвестиция көлемі 3 000,0 млн теңгені құрайтын, іске асыру мерзімі 2025–2027 жылдарға жоспарланған төрт жаңа жоба бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде:
• «Эдельвейс» кешенін дамыту – 2 100,0 млн теңге;
• «Компас» туристік кешенінің құрылысы (ЖК Загоруйко А.С.) – 800,0 млн теңге;
• Поперечное ауылында «Cabanna de ski» қонақ үйінің құрылысы (ЖК Макеев П.С.) – 100,0 млн теңге.
Енді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жуықта республикадық телеарнаға берген сұхбаты негізінде, жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» тау шаңғысы курорты бойынша
Риддер басшылығы ақпаратын ұсына кетейік.
– Риддер өңірінде тау шаңғысы кластерін құру жобасын іске асыру шеңберінде Риддер қаласы әкімдігі, ШҚО салалық басқармалары және Bartholet Maschinenbau AG (Швейцария) компаниясының өкілдерінің қатысуымен бірқатар жұмыс сапарлары мен кеңестер өткізілді. Басым локациялар – Иванов жотасы мен Проходной Белок – инженерлік инфрақұрылым, табиғи жағдай және жердің құқықтық мәртебесі тұрғысынан талданды, – деді Қаныбек Төлеухан.
Аэрофототүсірілім материалдары дайындалып, жобалау үшін бастапқы деректер жиналды, учаскелердің шамамен шекаралары мен мемлекеттік орман қорынан жерді ауыстыру қажеттілігі анықталды.
Бағалау нәтижелері бойынша екі аумақты кешенді дамыту және олардың мамандануын айқындау ұсынылды: Иванов жотасы – тау шаңғысы кешені және бұқаралық туризм, Проходной Белок – қармен жүретін техника және экстремалды туризм.
Сондай-ақ аталған аймақтарды бірыңғай инфрақұрылымдық жүйеге біріктіру мүмкіндігін зерделеу ұсынылды. Жиналған материалдар Bartholet Maschinenbau AG компаниясына жобаның тұжырымдамасы мен техникалық шешімдерін дайындау үшін берілді.
– Осылайша, Риддер қаласында туризм саласының дамуы тұрақты оң серпінді көрсетіп отыр. Іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа туристік нысандар құруға бағытталған, бұл өз кезегінде заманауи әрі бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруға ықпал етеді, – деді әкімнің міндетін атқарушы.
Қысқы және жазғы бағыттарды кешенді дамыту, нөмірлік қорды кеңейту және белсенді демалыс қызметтерін енгізу туристік ағынның өсуін, қонақтардың болу ұзақтығын арттыруды және қызмет көрсету саласындағы жұмыспен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өз тілшіміз
Фотосурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер