ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыс прокуратурасының үйлестіруімен синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде жасырын таратумен айналысқан көршілес облыстың 27 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жеке тінту барысында күдіктіден ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет тәркіленді. Одан кейін оның тұрғылықты жерін тексеру кезінде қызғылт түсті ұнтақ салынған тағы бір пакет, есірткіні бөліп-қаптауға арналған құралдар — бес электрондық таразы мен арнайы қаптамалар анықталды.
- Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың мефедрон (496,71 г) және "А-PVP" (581,13 г) сияқты психотроптық заттар екенін растады. Бұдан бөлек, полицейлер күдіктінің жасырын орындарының бірінен шамамен 500 грамм синтетикалық есірткіні қосымша тәркіледі. Жалпы алынған есірткінің салмағы 1,5 келіден асты, бұл шамамен 5 000 бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны 34 млн теңгеден жоғары бағаланады, - делінген ресми мәліметте.
Тергеу барысында күдіктінің қазан айында өңірге келіп, қаланың түрлі аумақтарында есірткіні жасырын орындарға кезекпен қоюмен айналысқаны анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Пікірлер