Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен цифрлық қауіпсіздікке бойынша дәріс өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, онлайн қауіптерден қорғанудың заманауи тәсілдерімен танысты. Өңірдің жетекші лекторлары 1,5 сағат бойы интерактивті форматта жеке деректерді қорғау жолдарын, интернет алаяқтықтың кең таралған түрлерін тану әдістерін және цифрлық гигиена талаптарын түсіндірді. Тыңдаушылар нақты мысалдар арқылы алаяқтардың қандай тәсілдерді қолданатынын және одан қалай сақтану керектігін үйренді.
ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Оразұлының айтуынша, мұндай сабақтар интернеттегі қылмыс деңгейін азайту үшін аса қажет.
- Қазір интернет алаяқтық кең таралып отыр. Оның алдын алу мақсатында бірқатар профилактикалық шара атқарылуда. Бүгінде дропперлерге, онлайн алаяқтарға алданбас үшін жастарға пайдалы сабақтарды республика көлемінде өткізіп жатырмыз, – деді ол.
Іс-шараға Өскемен қаласының әкімі Алмас Ақышов та қатысып, цифрлық қауіпсіздіктің қоғам үшін өзекті мәселеге айналғанын атап өтті.
Жиынның хедлайнері – танымал блогер Али-Аскер Байғожин (Qasqir_kz). Ол өз кеңестерімен бөлісіп, әлеуметтік желілерде жиі кездесетін жалған ақпараттар мен алаяқтық амалдарды ажыратудың маңызын айтты.
Айта кетейік, соңғы сегіз айдың ішінде қазақстандықтар интернет алаяқтарға 6 млрд теңгеден астам қаржысын жоғалтқан. Мамандардың сөзінше, мұның негізгі себебі – цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Ал осындай дәрістер жастардың онлайн кеңістікте қауіпсіз әрекет етуіне, алаяқтардың құрбанына айналмауына септігін тигізеді.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Пікірлер