Зайсан ауданындағы газдандыру мәселесі жергілікті тұрғындар үшін әлі де ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Халық бірнеше ауылдың әлі күнге дейін газға қосылмағанына алаңдайды. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәселенің қазіргі жай-күйін түсіндіріп, оны шешу бойынша жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, ауданда «Сарыбұлақ» кен орны жұмыс істеп тұр. Оның қуаты қазір Зайсан қаласын және тоғыз ауылды газбен қамтуға жеткілікті. Ал қалған сегіз елді мекенді газдандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Дегенмен белгілі бір шектеулер бар: болжам бойынша, Сарыбұлақтағы газ қоры шамамен жеті жылға ғана жетеді. Осыған байланысты «Тарбағатай» мұнай-газ компаниясы қосымша учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.
Сақтағановтың айтуынша, ұзақ мерзімді шешімнің негізгі элементі – «Қартал–Зайсан» магистральдық газ құбыры. Болашақта бұл жоба Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыруға мүмкіндік береді.
- Жоба аясында Ресейдің ең жақын газ көздерінен газ тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта жұмыс басталып кетті, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, бұл өңірдің әрі қарайғы газдандырылуы үшін сенімді әрі тұрақты ресурсқа жол ашады.
Пікірлер