Биыл облыста құны 55 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған, нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Біз облыстың жаңа инвестициялық құрылымын қалыптастырып жатырмыз. Портфельде жалпы құны триллион теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба бар. Оның 64-і қазір белсенді жүзеге асырылып келеді. Биыл 55 млрд теңге көлеміндегі 15 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, бұл 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Бұған қыркүйек айында өткен «Алтай Инвест» форумы айтарлықтай серпін берді, оған 10 елден 300-ден астам қатысушы жиналды. Форум қорытындысы бойынша 740 млрд теңгеге 40 меморандумға қол қойылды.
Аймақтың инвестициялық стратегиясында тау-кен металлургия кешенін дамытуға баса көңіл бөлінген. Осы мақсатта кен орындары мен барланған өзге де ресурстарды белсенді игеру жоспарланып отыр.
- Кезекте Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатын салу жобалары, сондай-ақ Ұлан ауданында «Алатау Литий» және Кри́да Корпорейшн компанияларының жобаларын іске асыру тұр. Техногендік әдіспен де шикізат өндіру игеріліп жатыр, бұл бұрын өндіре алмаған қорларды айналымға қосуға және ескі қалдық қоймалардан бағалы металдарды алуға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан атом энергетикасы үшін жетекші отын жеткізуші болмақ: «Үлбі-ТВС» кәсіпорны отын жинақтарын өндіру бойынша жобалық қуатқа шықты.
Пікірлер