Өңірде әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, жаңа мектептер мен медицина нысандары салынып жатыр. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 7 заманауи мектеп салынды. Жергілікті бюджет есебінен 3 мың орындық 3 мектептің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 600 орынға арналған 7 шағын мектеп салынып жатыр. Әлеуметтік ынтымақтастық аясында «Казцинк» компаниясы Риддерде 600 орындық мектеп құрылысын бастады, - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сонымен бірге, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 36 ауылда медициналық нысанның құрылысы аяқталады. Ұлан ауданында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын заманауи аудандық емхана ашылды. Риддерде аурухана кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Ал Өскеменде Ана мен бала орталығы және Гематология орталығын біріктіретін заманауи медициналық кластер құрылысы басталды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы Нефрология орталығын құру жоспарланған.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасады. Биыл 118 маман оқытылды, оның ішінде 72 маман Түркия, Израиль, Германия, Қытай және басқа елдердің жетекші медициналық орталықтарында тағылымдамадан өткен.
- Біздің университет ғалымдары Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесіп, импланттың 6 түрін жасап шығарды. Омыртқа аралық кейдж және пластина орнату бойынша 137 ота жасалды. Қазақ онкология және радиология институтымен бірлесіп, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған титан ұнтағынан имплантаттар жасалып жатыр, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер