Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған азаматтардың несие төлемдерін жеңілдету тетігін толық автоматтандырды. Бұл туралы ведомствоның цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әскерге шақыру туралы бұйрық бұрынғыдай қағазбастылықпен емес, цифрлық жүйеде автоматты түрде қалыптасады. Құжат QR-кодпен жасалып, электронды қолтаңба арқылы бекітіледі. Бұйрық расталған сәтте ақпарат бірден Мемлекеттік кредиттік бюроға жөнелтіледі.
Ең басты жаңалық – кредиттік жеңілдіктердің сол күні автоматты түрде іске қосылуы.
Бұйрық шыққан күні-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтың әскери қызметке кеткені туралы хабарлама түседі. Заң бойынша олар мұндай азаматтарға 14 айлық кредиттік каникул беруге міндетті. Яғни төлемдер бір күннің ішінде автоматты түрде тоқтатылады, – деді Ахмедиев.
Қорғаныс министрлігі бұл механизмнің бұрын енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес жұмыс істейтінін атап өтті.
Жалпы республика бойынша 700 мыңнан астам шақырылушы есепте тұр. Биыл әскерге алынған 40 мыңға жуық азаматтың 20 мыңында әртүрлі несие түрлері бар екені анықталған.
Ал жалпы дерек бойынша, бүгінге дейін әскерге аттанғандардың несиесі, тұтынушылық кредиттер, тауарлық қарыздар және микрозайымдарды қосқанда, жалпы сомасы шамамен 9 миллиард теңгеге жетеді.
Айта кетсек, бүгін Қорғаныс министрлігі БАҚ өкілдеріне "Smart военкомат" жобасын таныстырған болатын.
Пікірлер