A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 13:00 0

Өскеменде «Көшбасшылық – өңірдің тұрақты дамуының негізі» атты форум өтті

Бүгін / ШҚО

Жиынға қоғамның әр саласында белсенді қызмет етіп, Қазақстанның өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген нәзік жандылар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Форумның басты мақсаты сол, өңірлік даму мәселелерін талқылау, жаңа идеялар қалыптастыру және әйелдердің қоғамдық, әлеуметтік, өндірістік саладағы рөлін арттыру. Шара барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, аймақтағы маңызды жобалардың жүзеге асуына ықпал ете алатын ұсыныстарын ортаға салды.

ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев форумның маңыздылығын айта келе, әйелдердің қоғамдағы орнына тоқталды.

– Әйел – отбасының берекесі ғана емес, мемлекетті алға сүйрейтін күштің бірі. Қазір әйелдер өндірісте де, билік құрылымдарында да табысты еңбек етіп жүр. Бүгінгі шарада жаңа идеялар талқыланып, өңірдің дамуына бағытталған нақты ұсыныстар айтылды, – деді ол.

Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдер құқықтарын қорғау, қоғамдағы рөлін күшейту және олардың отбасы институтындағы құндылығын арттыру жөніндегі бағыттары да сөз болды. Қатысушылар бұл саладағы мемлекеттік саясаттың өңірде нақты нәтижелер беріп келе жатқанын атап өтті.

Жиында бірнеше сессия жоспарланған. Бүгін алғашқысы басталып, қатысушылар өздерін таныстырып, жеке идеяларын ортаға салды. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Жәдігерқызының сөзінше, бүгін бірінші сессияны ашылды.

- Спикерлер өз жобаларын таныстырып, өңірдегі мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарын жеткізді, – деді ол.

Форум аясында әйел көшбасшылардың тәжірибесі, инновациялық жобаларды дамыту, өңір экономикасын әртараптандыру, әлеуметтік бастамаларды қолдау сынды маңызды тақырыптар қозғалды. Қатысушылар пікірінше, мұндай кездесулер аймақтың даму қарқынын күшейтуге, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға оң ықпал етеді.

Шара соңында қатысушылар жаңа ынтымақтастық бастамаларын қолға алып, алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар ортақ жобаны жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив