Салтанатты іс-шараға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов, аудан әкімдері, агроөнеркәсіп саласының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасындағы маңызына тоқталып, еңбеккерлерге алғыс білдірді.
- Ауыл шаруашылық саласы — Шығыс Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Егін егумен, мал шаруашылығымен айналысып жүрген еңбеккерлеріміз облыстың қана емес, еліміздің де дамуына үлес қосылып келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін, - деді ол.
Салтанатты жиын аясында Зайсан ауданы өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Ермек Ерланұлының айтуынша, өңірде 1500-ге жуық ауылшаруашылық кәсіпорны жұмыс істейді.
- Бүгін біз MIGLIOR суы, ауылшаруашылық өнімдері, шұжық түрлерін әкелдік. Олар облыс пен республика аумағында ғана емес, көрші елдерге де экспортталады, — деді аудан басшысының орынбасары.
Ал Алтай ауданынан келген жеке кәсіпкер Әсел Мырзашова консервіленген өнімдерін ұсынды.
- Бұл тауар түрлері Алтай ауданында ғана емес, облыс көлемінде сатылады. Бүгінгі көрменің пайдасы мол, тұтынушылардың қызығушылығын арттырады деп ойлаймын, — деді кәсіпкер.
Іс-шара соңында саланың үздік қызметкерлерін облыс әкімі марапаттады.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Милейко» ЖШС бас агрономы Сәкен Сабировке табысталды. Ал «Еңбек ардагері» медаліне «Су-проект» ЖШС директоры Асан Жуасов ие болды. Осы секілді марапаттар агрономдарға, ауыл шаруашылығы мамандарына және кәсіпкерлерге табысталды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Пікірлер