Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкіметте өткен баспасөз брифингінде елдегі ең қауіпті автомобиль жолдары учаскелерін атады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, үш негізгі бағыт бар.
- Негізгі қауіпті учаскелер – Қарағанды мен Алматы арасындағы жол, Талдықорған – Өскемен бағыты және Ақтөбе – Атырау – Астрахань трассасы. Сонымен қатар өңірлік деңгейде дайындалған толық тізім бар. Ол жақын уақытта "ҚазАвтоЖол" сайтында жарияланады, - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар ол бұл мәселеге мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
- Ақтөбе облысында да апатты-қауіпті жол учаскелері бар. Жалпы Қазақстан бойынша мұндай учаскелердің саны 50-ден асады. Барлық өңірде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қажетті жол белгілерін орнатып, ІІМ, біздің қызметтер және ТЖМ тарапынан ерекше бақылау ұйымдастырылған, - деді Мақсат Қалиақпаров.
Пікірлер