Бүгін облыс әкімдігінің ғимаратында ауа сапасын бақылауға арналған жаңа жылжымалы экологиялық зертхананың кілті салтанатты түрде табысталды. Оған өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, 65,5 млн теңге тұратын заманауи мобильді зертхана Halyk Bank қаржылай демеушілігімен сатып алынды. Бұл жоба Өскемендегі ауа сапасын жедел бақылауға, тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Halyk Bank-ке аймақ тұрғындарының атынан алғыс білдіріп, халықты ауа сапасы туралы жедел әрі ашық ақпараттандырудың маңызын атап өтті.
- Енді экологтер осы көлікпен қаланың кез келген жеріне тоқтап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауадағы зиянды шығарындылар мөлшерін нақты біле алады. Содан соң жинақталған мәліметті кәсіпорындарға, табиғат қорғау прокуратурасына жіберіп, тиісті шараларды қабылдайды. Демеушілік көрсеткен банк басшылығына облыс халқының атынан алғыс білдіремін, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Жылжымалы зертхана Өскемендегі барлық негізгі ластаушы компонентті жоғары дәлдіктегі электрохимиялық әдіспен талдайды.
Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Тілеген Маткенов банк үшін экологиялық бастамаларды қолдау ғана емес, өңір мәселелерін шешуге арналған нақты құралдар ұсыну маңызды екенін айтты.
- Біз әрқашан аймақтағы мәселелерді шешуге атсалысуға тырысамыз. Бұл банктің ESG қағидаттарына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне сай бастама. Осы зертхана арқылы қала экологиясына аз да болса үлес қосамыз деп ойлаймын, - деді Тілеген Маткенов.
Айта кету керек, Halyk Bank облыстағы бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Биыл банк облыстық ауруханаға 12,6 млн теңгеге қызметтік көлік табыстады. Сондай-ақ «Мектепке апарар жол» акциясы аясында көпбалалы отбасылардан шыққан 100 бірінші сынып оқушысына мектеп сөмкелері мен кеңсе заттарын тарту етті.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер