Қалада 24 қараша күні жауған қалың қар салдарын жою жалғасып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
25 қарашада шаһар басшысы Алмат Ақышов қар тазалау және қысқы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жедел штаб отырысын өткізді. Отырыста қала басшысы көрсетілген сын-ескертпелерге тоқталып, қар күреу жұмыстарының баяу жүргізілгенін атап өтті.
– Қала тұрғындары тарапынан көптеген сын айтылды және мен бұл мәселелер бойынша қоғам алдында жауапкершілікті өз мойныма алдым. Ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде орындалмады. Қыс мезгіліндегі басты міндетіміз – қаланы уақтылы қардан тазарту. Жаз маусымынан қалған барлық құрылыс жұмысы аяқталды. Қар тазалап, техниканы басқарып жүрген барлық жұмысшыға алғыс білдіремін, – деді Алмат Ақышов.
Сонымен қатар, «Таза Өскемен» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қар тазалау барысында туындап отырған негізгі қиындықтар туралы хабарлады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, механикаландырылған әдіспен жүргізілетін жедел патрульдеу кей жағдайларда қолайсыздықтар туғызады. Атап айтқанда, қар үйінділері ауладан шығатын жолдарды, автобус аялдамаларын және жаяу жүргіншілер өткелдерін жабуға себеп болып отыр. Шалғай аудандардағы тротуарлардың нашар тазалануы да алаңдаушылық тудырады. Мекеме мамандарының мәлімдеуінше, бұл мәселелер күндізгі ауысымдағы техника мен таңертеңгі жұмысшылар күшімен жедел түрде шешілуде. Кейбір көшеде көлік қозғалысы әсерінен жол бетінде тегіс емес аумақтар мен шұңқырлар пайда болған. Мұндай аумақтарды сапалы тазарту тек ауыр және баяу жүретін арнайы жол техникасы көмегімен жүзеге асырылады.
Пікірлер