Бүгін облыс әкімдігі отырысында ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджибекова биылғы күзгі дала жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл егін жинау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне Павлодар мұнай-химия зауытынан 22,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Орташа бағасы 1 литр үшін 254 теңгені құрады. Бүгінде соның 18,7 тоннасы (81%) төленіп, жөнелтілді.
- Дәнді және майлы дақылдарды кептіруге 6,3 мың тонна бөлінді. Қазір 4,2 мың тонна (66%) төленіп, 2,6 мың тонна (41%) жөнелтілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда, - деді Ажар Қаджибекова.
Сондай-ақ жаңа өнімді алғашқы өңдеуден өткізу үшін түрлі қуаттылықтағы 300 механикаландырылған тоқ, 83 кептіргіш, 6 лицензияланған элеватор жұмыс істейді.
- Барлық нысанның жалпы сақтау қуаты - 757,3 мың тонна. Ал май мен ұн тарту кәсіпорындарында шамамен 250 мың тонна сақтау орны бар. 19 қарашадағы жағдай бойынша 6 лицензияланған элеваторда 175,4 мың тонна астық сақталып тұр. Элеваторлардағы астық сапасы мынадай: 3 сынып - 42%, 4 сынып - 44%, 5 сынып - 8%, - деді басқарма басшысы.
Бұған қоса, жыл басынан бері көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей, Қырғызстан мен Қытай елдеріне шамамен 89,6 мың тонна бидай, Қытай мен Литваға шамамен 1 мың тонна күнбағыс экспортталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер