Кеше көпсалалы онкология және хирургия орталығында жұмыс күні басталар алдында қызметкерлер марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның рухына тағзым етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Медициналық ұйым қызметкерлері оның құрметіне бір минут үнсіздік жариялады.
– Ол – сезімтал, жауапкершілігі жоғары, жанкешті медицина қызметкері еді. Адамдардың өмірін сақтап, ең қиын жағдайларда көмек көрсетіп, әрдайым өз міндетіне адал болды, – деді онкоорталықта.
Еске сала кетейік, 8 қараша күні Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен болатын. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлерінің арасында Ұлдана да болды. Ол зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте үстіне кірпіш құлап, ауыр жарақат алды. Фельдшер алған жарақаттарынан 18 қарашада көз жұмды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен қаза болғаннан кейін марапатталды.
25 қарашада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде және елдің барлық медициналық ұйымында жұмыс күні марқұм қызметкерді еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.
Пікірлер