Белгілі болғандай, тау-кен өнеркәсібі аймақтың өнеркәсіптік өнімінің 6,2%-ын құрап, өндіріс көлемі 166,9 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсаттың айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде металл кендерін өндіру басым, оның үлесі 87%-ды, басқа пайдалы қазбаларды өндіру 4%-ды, ал қызмет көрсету 7%-ды құрайды.
- Жыл басынан бері бұл салаға 66 479,9 млн теңге инвестиция құйылды. Қазір 229 шағын және орта бизнес субъектісі тау-кен және карьерлерді қазумен айналысады. Осы жылдың үшінші тоқсанында ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 1600
жұмыс орнын құрайтын 552,9 млрд теңгелік алты тау-кен жобасы қосылды, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, минералды-ресурстық база республикалық бюджет қаражаты мен жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялары есебінен толықтырылады. Соңғы он жылда мемлекеттік бюджеттен шамамен 18 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарында және Өскемен қаласының маңында шикізат кен орындарының дерекқоры әзірленді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер