Қазақстанда медицина қызметкерлерін қолдау шаралары кеңейіп келеді. 2025 жылдың 10 айында әлеуметтік қолдаумен 1 326 дәрігер, оның ішінде 801 маман ауылдық аймақтарда қамтылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
ДСМ мәліметінше, кадр тапшылығы анық сезілетін елді мекендерге мамандарды тарту мақсатында өңірлер жоғары көлемдегі әлеуметтік төлемдер ұсынып отыр. Солардың ішінде ауылдық жерлерге баруға ынталандыру шараларын ең жоғары деңгейде енгізген ТОП-5 өңір анықталды.
Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы және Атырау облыстарында дәрігерлерді жұмысқа орналастыру кезінде берілетін әлеуметтік қолдау мөлшері 8,5 млн теңгеге дейін жетеді.
Министрлік 2025 жылғы қаңтар-қазан айларындағы негізгі нәтижелерді жариялады:
– 417 жас маман оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасты;
– 287 дәрігер республикалық бюджеттен көтерме жәрдемақы алды;
– 866 маман жергілікті бюджет есебінен қолдау алды, оның ішінде 248 – тапшы мамандық бойынша;
– медициналық ұйымдар тарапынан 106 дәрігерге төлем берілді;
– 571 маман баспанамен қамтамасыз етілді;
– 116 дәрігер қосымша әлеуметтік қолдау алды.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту – ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің бастапқы буынын нығайтудың басты шарты екенін атап өтті.
Пікірлер