
Қазақстан дәрігерлерді қорғауды күшейтпек: Қандай өзгеріс болады?
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылда медицина мамандарына жасалған 280 шабуыл тіркелген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Алайда депутат бұл көрсеткіш шынайы жағдайды толық ашпайтынын атап өтті. Аймағамбетовтің айтуынша, көптеген дәрігерлер полицияға жүгінбейді, себебі өздерінің қорғалатынына сенбейді және ұзақ тергеу жұмыстарына уақыты жоқ.
- Бұл – айсбергтің тек ұшы ғана. Шынайы санды кемінде 10-ға көбейтуге болады, - деді ол.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын бірнеше рет бергенін еске салды. Оның сөзінше, ұсынылып отырған заң жобасы – осы тапсырманың тікелей орындалуы.
- Дәрігерлерді қорғау – “Заң және тәртіп” принципінің маңызды бөлігі, - деді Аймағамбетов.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістер
Жоба аясында Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бап енгізілмек. Ол “медицина қызметкері” мен “жедел медициналық жәрдем жүргізушісіне” ерекше қорғалатын арнайы субъект мәртебесін береді.
Аймағамбетов бұл бастама жаңа тәжірибе емес екенін атап өтті. Қазіргі Қылмыстық кодексте ерекше қорғалатын бірнеше санат бар:
полицейлер, құтқарушылар, арнайы қызмет және құқық қорғау органдарының өкілдері (380-1-бап);
судьялар, сот қызметкерлері, прокурорлар;
билік өкілдері – әкімдер, депутаттар, салық инспекторлары және басқалар (380-бап).
Тіпті егерьлер мен жануарлар инспекторларын қорғауға арналған жеке бап бар (380-2-бап), оларды қорлауға немесе шабуыл жасауға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
“Дәрігердің өмірінің құны қайда?”
Депутат егерьге жасалған шабуылдың өзі қатаң жазаланатынын, ал адам өмірін құтқаратын реаниматологқа қол көтеру қарапайым бұзақылық ретінде ғана тергелетінін сынға алды.
- Бұл әділетті ме? Бұзақы кішігірім айыппұл төлеп, жайбарақат жүре береді. Сонда дәрігердің өмірі мен пациенттердің денсаулығының маңызы осынша төмен бе? - деді ол.
Жаңа баптың құрылымы мен санкциялары дәл егерьлерге арналған нормамен бірдей болмақ. Аймағамбетовтың айтуынша, бұл – медицина мамандарына әділ әрі қажетті қорғау тетігі.
Депутат тағы бір маңызды мәселеге тоқталды – дәрігерлердің өз кәсіби қызметі үшін қылмыстық жауапкершілігі бар жалғыз мамандықтардың бірі екені. Егер дәрігер медициналық көмектен бас тартса немесе өрескел қателік жіберсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін (ҚК 317, 320-баптар).
- Дәрігер өз өміріне қауіп төнсе де, баруға міндетті. “Ол жерде мас компания отыр, бармаймын” деп айта алмайды, - деді Аймағамбетов.
Депутат медицина қызметкерлеріне қатысты қылмыстарды ауырлататын арнайы бапты енгізу өмірдің өзі талап етіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, бұл норма ақ халатты жандарды қорғаудың нақты әрі әділетті тетігіне айналады.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер