Өңір аумағында ұйымдастырылған «Қауіпсіз үй» акциясының мақсаты - тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ТЖД қызметкерлері мен полицейлер тұрғын үйлерді аралап, пештер мен электр құралдарын пайдалану қағидалары бойынша нұсқаулықтар жүргізді. Әлеуметтік осал отбасылар назарға алынып, өрт шығу қаупі жоғары және көміртегі тотығымен улану қаупі бар үйлерге арнайы датчиктер орнатылды.
- Жылыту маусымы басталғалы бері 32 мыңнан астам үй араланып, 12 568 бұзушылық анықталды. Мәселен, дер кезінде тазаланбаған мұржалар, зақымданған немесе тозығы жеткен электр құралдарын пайдалану, ұшқын шығаратын розеткалар.
Рейд барысында полицейлер асоциалды өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұратын орындарын анықтап, тиісті жұмыстар жүргізді.
- Анықталған бұзушылықтар бойынша жою жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Өрттің алдын алу және көміртегі тотығынан улану жағдайларын болдырмау үшін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлерінде пештерді жөндейміз, қарт адамдарға мұржаларын тазалауға көмектесеміз, көміртегі тотығы датчиктерін орнатамыз, – деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Пікірлер