A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:50 0

Жобалау бітпеген, жұмыс жалғасып жатыр: Зайсандағы әуежай құрылысының неге созылғаны белгілі болды

Бүгін / Зайсан / Өзекті мәселе

Газеттің өткен нөмірлерінің бірінде осы тақырып бойынша қысқа жаңалық ұсынған едік. Осы жолы толықтыру бар. Әуелде жоба осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған еді. Бұған не себеп болғанын редакция тілшісі зерделеп көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ескі аэродромның орнына жаңа әуежай

Шекара шебінде орын тепкен Зайсан ауданында жаңа әуежай бұрынғы әскери аэродромның орнына, Сәтбай ауылынан 25 шақырым жерде бой көтереді. Бұл жер кездейсоқ таңдалмаған.

Аумағы тегіс, жанынан республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тасжолы өтеді. Болашақта кеңейтуге мүмкіндік беретін бос жер де жеткілікті. Жер телімінің құрылыс жүргізіліп жатқан алаңы – 184 гектар.

– Биыл наурызда басталған жұмыстардың екі кезеңі қысқа мерзімде аяқталды. Ұзындығы 2,2 шақырым болатын ұшу-қону жолағы, жүру жолы, перрон салынды, сыртқы инженерлік желілер, жарықтандыру және нөсер кәрізі жүргізілді, – деп хабарлады ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Қазір құрылыс алаңында 145 техника мен 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Вахталық әдіспен істеу үшін оларға жайлы жатақхана да салынған.


Құрылыс неге кестеден кешікті?

Зайсан әуежайындағы жұмыстардың баяулауына басты фактор — жобаның «нөлден» жасалуы. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, әуежайдың жобалауы мен құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл тәсіл құрылысқа жедел кірісуге мүмкіндік бергенімен, инженерлер, геодезистер және құрылысшылар арасындағы үйлесімді жұмысты талап етеді.

– Жобалаушылар құжаттаманың бір бөлігін кешіктірді. Сондықтан негізгі жұмыстарды құжаттардың жасалуымен қатар бастауға тура келді. Әлбетте, бұл белгілі бір қиындықтар тудырды. Барлық детальды қайта-қайта тексеріп, түзетіп отыру қажет болды. Дегенмен біздің тәжірибеміз бар. Компаниямыз Семей мен Өскемен әуежайларын салған. Қазір жұмыс процесі тұрақталды, материалдар уақтылы жеткізіледі, техника тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Ең ұзақ күткеніміз – әуежай ғимаратының жобасы. Қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, – деді құрылыс жобасының жетекшісі Ербол Тәжібаев.

Сонымен қатар ол жобалаушылардың жағдайын да түсінетінін айтады. Себебі олар барынша жедел жұмыс істеуге мәжбүр. Әдетте мұндай жобаларды әзірлеуге кемінде бір жыл уақыт беріледі.

 

Логистика және күрделі жер жұмыстары

Құрылыс барысына әсер еткен негізгі қиындықтардың бірі – логистика. Қажетті құрылыс материалдары Өскеменнен жеткізіледі, ал арадағы қашықтық 500 шақырымдай.

Жол жағдайының нашарлығы салдарынан жүк көліктерінің жолға кететін уақыты 10-12 сағатқа дейін созылған. Себебі республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тасжолы қайта жаңғыртылып жатқан.

Соның салдарынан жүргізушілер талай айналма жолмен жүруге мәжбүр болды. Алайда қазан айынан бастап қозғалыс ашылып, құрылыс қарқыны айтарлықтай артқан.

Сондай-ақ құрылыс алаңындағы басты талап – жұмыстың сапалы болуы. Өйткені стратегиялық нысан асығыс-үсігіс салынса ертең бұл қауіпті болуы мүмкін. Бұрынғы аэродромнан қалған конструкцияларды толық демонтаждау және жерді ауыстыру да қосымша уақыт алды.

– Болашақ ұшу-қону жолағының астындағы топырақты екі метр тереңдікке дейін толықтай ауыстыруға тура келді. Негізді таспен нығайттық, оның үстіне құм мен қиыршықтас қоспасы, ірі тас және үш қабат асфальт-бетон төселді. Мұндай жабын ірі ұшақтардың өзін қабылдай алады, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Сәбит Сахариянов.

 

«Кейін ашылса да, сапалы болғаны дұрыс»

ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, қазір құрылыстың үшінші кезеңі жүргізіліп келеді. Аэровокзал кешені, командалық-диспетчерлік пункт және аэронавигация нысандары салынып жатыр.

Терминалдың іргетасы дайын, қабырғалар мен жабындардың құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар құрылыстың кестеден кешігуіне түсіністікпен қарайды.

– Әрине, әуежайдың тезірек ашылғанын бәріміз қалаймыз. Бірақ жұмыстың асығыс емес, тыңғылықты жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Кейін ашылса да, сапалы болғаны дұрыс, – дейді зайсандықтар.

Әуежайдың ашылуын жергілікті кәсіпкерлер де тағатсыздана күтіп жүр.

– Бұл әуежайды көптен күткенбіз. Ол жай ғана ғимарат емес, жаңа мүмкіндіктер, жұмыс орындары және туризмнің дамуы. Біздікі сияқты шалғай аудан үшін оның маңызы өте зор, – дейді кәсіпкер Айгүл Әмірова.

Құрылыс қарқыны: Зайсан – 70%, Катонқарағай – 50%

Мердігер компанияның мәліметінше, Зайсандағы жаңа әуежай құрылысының дайындық деңгейі бүгінде шамамен 70 пайызға жеткен. Келер көктемде әрлеу жұмыстары, іске қосу-реттеу кезеңі және аумақты абаттандыру басталады.

Ал Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежайда жұмыс баяу жүріп жатыр. Ауданға қыс ерте келіп, қазан айының басында-ақ қар түскен.

Қазір құрылыс жұмыстарының 50 пайызға жуығы аяқталған. Алайда мердігерлер негізгі жер қазу жұмыстарын суық түскенге дейін толық аяқтағанын мәлім етті.

– Жобалар климаттық жағдайларды ескере отырып іске асырылып жатыр. Негізгі жұмыс кезеңдерінің аяқталуы 2026 жылы тұрақты әуе қатынасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Туризм және жаңа мүмкіндіктер

Зайсанда салынып жатқан әуежай бір уақытта төрт әуе кемесін қабылдай алады. Аумағы шамамен төрт мың шаршы метр болатын жолаушы терминалы сағатына 150 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Болашақта ұшу-қону жолағының ұзындығын үш шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл халықаралық рейстерді қабылдауға жол ашады.

– Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткіш алты есеге дейін өсіп, 136 мың адамға жетуі мүмкін. Жаңа әуежай туристер үшін ғана емес, Шығыс Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігі үшін маңызды көлік хабы болуға тиіс. Ол өңірді Өскеменмен, Алматымен және көршілес елдермен байланыстырады, – деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Жалпы Зайсандағы әуежай – туристік аймақтарда Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған үш ірі авиациялық жобаның бірі.

Екінші әуежай Катонқарағай ауданында салынып жатса, үшіншісі Маңғыстаудағы Кендірлі курорт аймағында бой көтереді. Бұл нысандардың барлығы ішкі туризмді дамыту және өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.

Егер жаңа кедергілер туындамаса, 2026 жылдың күзіне қарай үш әуежай да алғашқы әуе кемелерін қабылдайды деп жоспарланып отыр.


Асқар ТҰМАРБЕК

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив