
«Қазақ аруы» байқауының финалисі Диана Қырым: 2-ші орын мен үшін үлкен бақыт, еңбектің ақталған сәті
«Қазақ аруы – 2025» байқауы биыл да қазақ қыздарының талантын, мәдениетін, сұлулығы мен рухани келбетін паш еткен ауқымды шараға айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға жуық ару кастингке келіп, олардың арасынан 20 қыз ғана финалға жолдама алды. Сол таңдаулы жиырмалықтың қатарында Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған өскемендік Диана Қырымның болуы өңір халқы үшін үлкен қуанышқа айналды. Кастингтен сүрінбей өтіп, финалда жүлделі ІІ орынды иеленген Диана бүгінде халықтың сүйіктісіне айналып үлгерді. Біз жас арумен байқауға дайындығы, өмірлік ұстанымы, армандары мен алдағы жоспарлары жайында сұхбаттасқан едік.
– Диана, қай жердің тумасысыз? “Қазақ аруына” қатысу ойы қалай келді?
– Мен шырайлы Шығыстың орталығы саналатын Өскемен қаласының тумасымын. Кейбіреулер әлеуметтік желілерде мені Тарбағатайдың қызы деп ойлап жүр екен, себебі ата-анам сол өңірден шыққан. Бірақ өзім туып-өскен жер – Өскемен. Қазір С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да «География пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. 2024 жылы «Қазақ аруы» байқауы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сол кезде көптеген танысым «Диана, міндетті түрде қатыс. Сенің мүмкіндігің жоғары, жеңесің» деп жазды. TikTok-та салған видеоларымның астына да сондай пікірлер көптеп жазылды. Сол қолдаулар мен жылы сөздер маған күш-қуат беріп, нақты шешім қабылдауыма себеп болды.
– Байқауға дайындық қалай жүргізілді?
– Шынымды айтсам, кастингтің өзі осындай қиын болады деп ойламадым. Өзім алдын ала дайындалып жүрдім. Бірақ кенеттен сырқаттанып, дайындық біраз уақытқа тоқтап қалды. Кейін Алматыға жол түсіп, бар болғаны бір күндік дайындықпен кастингке кірдім. 1000-ға жуық қыздың ішінен 20-сы ғана таңдалды. Сол арулардың қатарында болғаныма ерекше қуандым. Ал негізгі дайындық 1,5-2 айға созылды. Таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін үздіксіз би, сахналық дайындық, фотосессия, түсірілім болды. Кей күндері биік өкшемен 6 сағаттап билейтінбіз. Дайындықтың ауырлығы физикалық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда да әсер етеді. Бірақ сол еңбектің барлығы нәтиже береді деп өзімді үнемі жігерлендіріп отырдым.
– Республикалық деңгейдегі байқауға қатысу үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Оның үстіне Шығыстың атынан қатысып, бүтін бір облыстың жүгін арқаладыңыз. Сол сәттерде қатты уайымдатқан нәрсе болды ма?
– Иә, уайымсыз жүру мүмкін емес. Әсіресе, өңір халқының сенімі мені қатты жігерлендірді, бір жағынан жауапкершілікті арттырды. «Шығыс өңірі 15 жыл бойы тәж алмады, биыл алады» деген пікірлерді жиі еститінмін. Сол сөздер өзіме ерекше міндет жүктеді. Екінші орын да байқау тарихында Шығысқа бұйырған тұңғыш жетістік. Сондықтан бұл орын маған үлкен мәртебе әрі алдағы жолыма жаңа демеу берді.
– Сахнаға шығар алдында қобалжу болды ма? Өзіңізге қалай сенімділік бердіңіз?
– Әрине, қобалжу болды. Мұндай ауқымды сахнада тұрғанда ешкім толқынысын жасыра алмаған шығар. Қыздардың барлығы дерлік сахнаға шығар алдында тыныштандыратын дәрі ішті. Себебі, тек сөзбен немесе демеумен сабырға келу қиын. Бірақ өзіме «Сен бұл жерге жай келген жоқсың. Сен өзіңді, өнеріңді, өңіріңді көрсетуге келдің» деп үнемі қайталап отырдым. Сол ішкі диалог маған үлкен сенім сыйлады.
– Байқауда сізді ерекше шабыттандырған немесе есіңізде ұзақ қалған сәт бар ма?
– Иә, мен үшін өте әсерлі сәт болды. Бір күні түнде денсаулығым сыр беріп, қатты қиналып, жылап шықтым. Таңертең таксимен дайындыққа бара жатып, университ қабырғасының жоғары жағындағы Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін оқыдым. Сол сәтте бұл сөйлемді жай кездейсоқтық емес, тура маған айтылған белгі ретінде қабылдадым. Ол маған үлкен күш берді. Сонымен қатар анамның, достарымның, оқырмандарымның қолдауы да жігерімді бірнеше есеге арттырды.
– 20 қыздың ішінен суырылып шығып, 2-ші орын алғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Өте қатты қуандым. Кейбіреулер «тәж үшін таласты» деп ойлапты, бірақ ондай ой менде болған емес. Мен өзіме 3 немесе 4-ші орын бұйырады деп ойлағанмын. Соны ескерсек, 2-ші орын мен үшін үлкен бақыт, еңбектің ақталған сәті. Бұйырған орынды еш өкінбей, ерекше қуанышпен қабылдадым.
– Әлеуметтік желіде өнеріңізге қатысты түрлі пікірлер бар. Соған көзқарасыңыз қандай?
– Негізі өнерім өзіме өте қатты ұнады. Түріме, талғамыма келеді. Бір жағынан Баян Мақсатқызы маған қуыршаққа ұқсайсың дегеннен кейін қалай мен ол өнерді жаман деп айта аламын. Барынша алып шықтым деп ойлаймын. Ал пікірлерге келсек, бәріне жаға бермейсің, ол солай.
– Сіздің ойыңызша, “Қазақ аруы” болу тек сыртқы сымбат па, әлде білім, ізденіс, тапқырлықтың түйіскен тұсы ма?
– Сыртқы сұлулықты табиғат беріп қояды. Ал ішкі жан дүние өте маңызды. Байқау кастингісіне келген қыздар тек сұлулығымен келген жоқ, олар өздерінің сенімділігін, ақылын желкен етіп келген қыздар. Қазақ аруына жай сұлу қыздар келмейді. Олар өнер де, ақыл да болу керектігін біледі. Бұл жерде тек сыртқы сұлулықпен шектеліп қалмаймыз.
– Байқауға дейін модель болып жұмыс істепсіз. Мамандығыңыз жайлы, арманыңыз жайлы айта кетсеңіз.
– Мен негізі өнерге жақынмын. Бірақ мектеп бітірерде жаныма жақын пән география болған соң ұстаздық қызметті таңдадым. Пәнге қызығушылықтан ғана осылай болды деп ойлаймын. Былай қатты қалап келген жоқпын. Арманым – киноға түсу. Осымен шектеліп қалмаймыз.
– Байқаудан кейін өміріңізде қандай өзгерістер болды? Адамдар қалай қабылдай бастады?
– Бұрында да маған көзқарас жақсы болатын. Мені қолдайтын. Бірақ осы жолы халықтан үлкен қолдау болды. Көбі «Халықтың сүйіктісі, көзайымы» деп жатыр. Көшеде де суретке түсіп жатады, әлі таңғалып жүрмін шыны керек.
– Әлеуметтік желіде қолдаушыларыңыз көбейе түсті. Олардың сенімін ақтай алдым деп ойлайсыз ба?
– Иә, сенімді ақтай алдым. Бірақ қатты қорықтым. Себебі, көп адам жауапкершілік артып қойды. Бүкіл жан тәнімді осы байқауға салдым.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Енді тек Өскеменде ғана емес, Алматы сияқты алып қалаларда өз мүмкіндігімді қарастырып көрсем деймін. Жалпы модель болу жағын дамытқым келеді. Әлемдік деңгейге де жету ойда бар. Бір орында тұрмау керек. Бірақ қандай аумалы-төкелі сәттер куәсі атансақ та, адам болып қалу маңызды.
– Сізді көріп талай жас қыз шабыттанып жүр. Қазақ аруы болғысы келетін қыздарға шынайы, өмірлік қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазірден дайындалу керек. Өнердің көпшілігін білуі қажет. Ол ән, би болсын. Өнерге деген талап жоғары, қатты қарайды. Салмағын, бойын қалыпты ұстап, сөз саптауын реттеу керек. Контент маңызды ғой, соған да көп мән берсе болады. Қазірден бастап жан-жақты дами беру қажет. Ең бастысы сенімді болып, таза ниетпен бару керек.
– Өскеменге келгенде жерлестеріңіз қалай күтіп алды?
– Жылы құшақпен қарсы алды. Қызыл кілеммен жүріп өттім. Университетім де қошеметін аямады, ыстық ықыласпен күтіп алды. Негізі ондай күтпедім, қатты қуанып қалдым.
– «Қазақ аруы – 2025» байқауында өзіңізді санамағанда топ-3 қыз бар ма?
– Бірінші – «Қазақ аруы – 2025» тәжін алған Дәрия Қуатжан. Өте еңбекқор, алғыр қыз. Екінші – Дәлила. Қолы сынғанына қарамастан, байқауға соңына дейін қатысып, өнер көрсетті. Үшіншісі – Данира. Өте сүйкімді, білімді қыз. Оның мінезі де, сахнадағы мәдениеті де ерекше ұнады. Айта кетейін, біздің арамызда бәсекелестік болмады. Керісінше, бір отбасындай болып кеттік.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер