Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов облыстың дамуына өз үлестерін қосып жүрген жастармен кездесіп, марапаттау рәсімін өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өз сөзінде ол Шығыс Қазақстанда 170 мыңнан астам жастың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда шыңдалуы үшін кешенді қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
- «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 2 университет пен 37 колледжде 25 мыңнан астам студент техникалық мамандық бойынша білім алуда. «Білікті маман» жобасы шеңберінде биыл 270 грант бөлінді. «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» бағдарламалары арқылы жыл басынан бері 2 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды, - деді облыс әкімі.
«Жыл көшбасшысы» номинациясы «Қазцинк» ЖШС жанындағы жастар кеңесінің төрағасы Жансая Жанболатоваға берілді. Жыл көлемінде 50-ден астам шара ұйымдастырып, 3000-нан астам жасты қамтыған «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігі «Жылдың жастар ұйымы» атанды. «Жыл волонтері» номинациясы бойынша Катонқарағай ауданындағы волонтерлік орталықтың белсендісі Арна Арданбекқызы марапатталады. «Еңбек адамы» номинациясын Үлбі металлургия зауытының шебері Әділ Төлеуғазинов иеленді. Оның еңбек өтілі – 12 жыл. «Maman Fest» фестивалінің жеңімпазы болған «Өскемен ЖЭО» ЖШС-ның жұмысшы жастар командасына 1 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Ал «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» облыс әкімінің сыйлығын алған әр жеңімпазға 500 000 теңге көлемінде қаржылай сертификат берілді.
Пікірлер