Өскемен қалалық мәслихатының кезектен тыс 39-шы сессиясында депутаттар қала бюджетін жаңарту және мәслихат шешімдерін заңнамалық өзгерістермен үйлестіруге қатысты мәселелерді қарастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мемлекеттік сатып алулардан үнемдеу және бюджет кірісінің артуы есебінен мүгедектерге қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға көпқабатты үйлерге кіруге және одан шығуға көмек көрсетуге, ауылдағы мамандарға отын сатып алуға әлеуметтік көмек көрсетуге қосымша қаражат бөлінді.
Сондай-ақ «Таза Өскемен» арнайы жабдықтарының жүргізушілері мен автослесарьлерінің жалақысын көтеруге, жеке тұрғын үйлердің қысқы күтімін қамтамасыз етуге, қоғамдық аумақтардың қысқы күтімі үшін Аумақтық басқару орталықтарына мамандандырылған жабдықтарды жалға беруге қосымша қаражат бағытталды.
Депутаттар бұрын қабылданған заңнамалық актілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мәселесін қарастырды. Осыған байланысты мәслихаттың «Өскемен қаласында арнайы бөлшек сауда салығы режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін төмендету туралы» шешімі салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жояды.
Пікірлер