A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 16:15 0

ШҚО-да жыл сайын 9 774 тонна тауарлы балық өндіру жоспарлануда

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның айтуынша, аталған көрсеткіш 2030 жылға қарай толық орындалуы тиіс.
- Жоспарға сәйкес жыл сайынғы өндіріс көлемінің 8 578 тоннасы – албырт, 1 151 тоннасы – тұқы, 45 тоннасы – бекіре тұқымдас балықтарға тиесілі болмақ. Сонымен қатар соңғы төрт жылда 6,2 тонна шабақ өсірілді. Атап айтқанда, 2021 жылы – 480, 2022 жылы – 1 491, 2023 жылы – 2 233,6, 2024 жылы – 2 000 тонна шабақ өсірілген, - деді Мерхат Әміров. 
Белгілі болғандай, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 1 310 тонна тауарлық балық өндірілген.
- Негізі жыл соңына дейін 2 302 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланған. Бұл межені орындаймыз деп отырмыз. Қазір “ШығысУниверсал” ЖШС және “Гранд Фиш” ЖШС-нің бақтақ уылдырығы мен шабағын өндіретін өз инкубациялық цехтері жұмыс істеп тұр. Биыл 2,3 миллион дана шабақ өндірілді, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар облыс әкімдігі саланы дамыту мақсатында кәсіпорындарға белсенді мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Биылдың өзінде 130,5 млн теңге көлемінде субсидия бөлінген.
- Жыл соңына дейін қосымша 138,9 млн теңге көлемінде қаржы бағыттау жоспарланып отыр. Осылайша, жалпы субсидия көлемі 269,4 млн теңгеге жетпек. Бұдан бөлек, биыл балық шаруашылығы субъектілерінің инвестициялық шығыстарының бір бөлігін өтеуге 7,4 млн теңге қарастырылған, - деді Мерхат Әміров.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив