A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 10:00 0

ШҚО-да жол апаты саны артты

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Жыл басынан бері Қазақстанда 29 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1 916 адам көз жұмып, 40 мыңнан аса адам жарақат алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп күшейді 
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, биыл полиция 12 млн-нан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтың жолын кесті. 
- 21 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды, 25 мыңнан астам адам жүргізуші құқығынан айырылды, 21 мың адам әкімшілік қамауға алынып, 401 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды, - деді Ғалым Сарғұлов.
Бұдан бөлек, жолдарда тәртіпті сақтау үшін полиция мобильді кешендерді пайдаланады. Қазір олардың 523-і қаруланған. Былтырдан бастап жасырын патрульдеу қолданылады. Дрондардың көмегімен төрт мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

Жол апатының саны 2 есе артты 
Ал облыс бойынша былтыр қыста 1 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 48 адам ажал құшқан. Осы жылы да ауа райының қолайсыздығы, көктайғақ пен тұманның жиілеуі жол қозғалысы қауіпсіздігін күрделендіруде. ШҚО Полиция департаменті мәліметінше, Өскемен мен қала маңындағы жолдарда кей күндері апат саны 2–2,5 есе көбейген.
Өңірдегі ең ауыр оқиғалардың бірі — Өскемен–Риддер тасжолында тіркелген ірі жол апаты. Екі көлік соқтығысып, салдарынан 5 адам көз жұмды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай жағдайларға жылдамдықты ауа райына сай таңдамай жүру, қашықтық сақтамау және маневр жасау ережелерін бұзу жиі себеп болады.
Құқықтық статистика комитеті мәліметіне сүйенсек, елде жол апаттарының басым бөлігі төмендегі ережелерді бұзудан туындайды: маневр жасау ережесін бұзу — 21,5%, жаяу жүргіншіге жол бермеу — 20%, жылдамдықты асыру — 10,5%.
Бұл көрсеткіштер Шығыс Қазақстан үшін де өзекті. Патрульдік полиция қызметкерлері қала ішінде жаяу жүргінші өткелдеріндегі тәртіп бұзушылықтардың жиі тіркелетінін, ал тасжолдарда қарсы бағытқа шығу деректерінің азаймай отырғанын айтады.

Оң рульді автокөліктерге шектеу қойылды
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда оң рөлді көліктері бар такси жүргізушілеріне жұмыс істеуге тыйым салынды. 
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Яндекс.Такси» мен Indriver өз платформаларында рөлі оң жақтағы көліктерді тіркемейді. Көлік министрлігі мен осы екі компания арасында тиісті келісімге қол қойылған. Сонымен қатар бұрын оң рөлді болып, сол жақ рульге ауыстырылған көліктерге де тыйым салынады. Техникалық жағынан олар да қауіпсіз емес, - деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Оң рульді көлік жүргізушісі жолдағы қарсы бағыттағы көліктерді толық көре алмайды. Сондықтан қауіпті жағдайлардың туындау ықтималдығы жоғары. 
Өскеменде мұндай көлік иелері көп болғандықтан, полиция олардың техникалық жарамдылығы мен ережелерді сақтауын қатаң бақылауға алған.

Жүргізушілерге ескерту 
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді қыс мезгілінде аса сақ болуға шақырады. Жылдамдықты азайтып, қашықтықты сақтау, көлікті қыс мезгіліне сай дайындау және ауа райын ескеру — жол апатын алдын алудың негізгі кепілі. Сондай-ақ жолаушы тасымалдаумен айналысатындарға жол ережелерін мұқият сақтап, заң талаптарын бұзбау ескертіледі.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив