Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөліміне елдің 10 облысынан 400-ден астам жас сарбаз қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жас Отан қорғаушылар еліне адал қызмет ету үшін ант қабылдады.
– Әскери борышты өтеу Қазақстан Қарулы Күштерінің ұлттық қауіпсіздігі мен ел тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сарбаздардың ант қабылдауы - өз елін қорғауға және кез келген жағдайда адал болуға дайын екенінің дәлелі, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрлан Кисенов.
Жауынгерлердің ант қабылдау рәсіміне алғаш рет жас сарбаздар буыны да қатысты. №49 жалпы білім беру мектебінің 4 сынып оқушылары қатардағы жауынгердің ант қабылдау сәтін тамашалап, елге қызмет етудің жауапкершілігіне куә болды. Балалар Отан қорғаушылардың мәртебелі міндеті, тәртіп пен батылдықтың маңызын терең сезініп, өздері де "Жас сарбаз" антын қабылдады.
Бұл іс-шара жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, туған жерге деген құрметін арттыруға ықпал етті. Балалар әскери қызметтің қадір-қасиетімен танысып, болашақта елдің абыройын асқақтататын жауапты азамат болуға деген талпыныстарын нығайтты.
Әскер қатарына енді қабылданған жас жауынгерлер алғашқы әскери дайындық кезеңінен өтіп үлгерді. Олар қарумен жұмыс істеп, тактикалық әрекет етуді үйренді, саптық талаптар және әскери жарғылармен танысты.
– Мен Отаныма адал қызмет етуге ант бердім. Осы антымды бір жыл көлемінде абыроймен орындап шығуға ниеттімін, – деді қатардағы жауынгер Ақылбек Рахимболов.
Әскери ант қабылдағаннан кейін әр сарбаз өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға кірісіп, жауынгерлік дайындықпен айналысатын болады.
Айта кету керек, салтанатты іс-шараға сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Пікірлер