А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының мәжіліс залында «Шығыс салбурыны» фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көрме биыл Бозанбай ауылында ұйымдастырылған «Шығыс Салбурыны-2025» V халықаралық фестивалінің ерекше сәттерін көрерменге ұсынды. Фестивальге Моңғолия, Ресей, Венгрия, Қырғызстан, Испания және Қазақстанның әр өңірінен келген 100-ден астам бүркітші қатысып, 10 мыңнан аса көрермен жиналған болатын. Салбурында құсбегілік өнер, дәстүрлі аңшылық түрлері, ұлттық салт-дәстүрлер мен қолөнер көрсетілімдері жергілікті халықтың назарына ұсынылды.
Фото көрменің ашылуында өңіріміздің фотожурналистері түсірген бірегей кадрлар кітапхана фойесіне қойылды. Шара шымылдығын ашқан Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Мәделхан Піржанов фотокөрмеге жиналған барша қауымды құттықтап, салбурын шарасының маңыздылығына қысқаша тоқталып өтті. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Журналистер одағының ШҚО филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы көрме мақсатын тілге тиек етті. Ал Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, ақын Нұртай Тілеужанұлы бес жыл бұрын бастау алған осы шараның тарихына тоқталды.
– Сонымен қатар, Салбұрынды бес жыл бойы жоғары деңгейде өткізуге белсене атсалысқан Ұлан ауданының тұрғындары кітапхана атынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Ұлан аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған әсем ән көрменің мазмұнын байытып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, – делінген ақпаратта.
«Шығыс салбурыны» фотокөрмесі – қазақтың қастерлі құсбегілік өнерін насихаттап, ұлттық мәдени мұраны дәріптейтін маңызды мәдени жоба ретінде өз жалғасын табуда.
Пікірлер