Абай облысы Полиция департаменті Instagram желісіндегі mysemey парақшасында жарияланған №22 автобус жүргізушісінің кәмелетке толмаған жолаушыны түсіріп жіберген оқиғасына қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтрына сілтеме жасап.
Оқиға 24 қараша күні кешке болған. Жасөспірім интернет байланысының болмауына байланысты жолақысын төлей алмаған. Байланыс қалпына келетінін күту жөніндегі өтінішіне қарамастан, кондуктор оны салоннан шығуды талап етіп, қараңғы уақытта автобустан мәжбүрлеп түсіріп жіберген.
Тексеру барысында заңбұзушылық анықталды: 16 жасқа толмаған және ересек адамның қарауынсыз жол жүрген жолаушы қоғамдық көліктен түсірілген. Кондуктор әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес айлық есептік көрсеткіш (5 АЕК) көлемінде айыппұл салынды.
Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және жолаушыларды тасымалдау қағидаларына қайшы келетінін атап өтті. Тасымалдаушы компаниямен қызмет сапасын арттыру және нормаларды сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Ведомство балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда екенін еске салды.
Пікірлер