ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәліметінше, биыл далалық зерттеулер аяқталып, көпір нұсқаларын әзірлеу басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа көпірді Меновное ауданында салу жоспарланып отыр. Осылайша, ол өзеннің екі жағалауын байланыстырып, көлік қозғалысын жеңілдетеді. Қазір осы бағытта жүретін жүргізушілер Пограничный мен Тоғас көшелерінің қиылысындағы көпірден немесе орталық көпірден өтеді. Жаңа көпір осы бағыттардағы кептелісті азайтып, аудандар арасындағы жол жүру уақытын қысқартуы керек.
Алдын ала бағалаулар бойынша бұл өңірдегі ең ұзын және ең кең көпір өткелдерінің бірі болмақ. Ұзындығы - 834 метр, екі жағынан есептегенде қосымша 1181 метр болады. Жолда алты жолақ болады, әрқайсы 3,5 метрді құрайды. Көшенің жалпы ұзындығы - шамамен 2,35 шақырым. Көпір Ярославский көшесі мен Алматы тасжолының қиылысынан басталып, Серікбаев пен Карбышев көшелерінің қиылысында аяқталады.
- Жобалық-сметалық жұмыстар биыл наурызда басталды. Жобалаушы - «Kazakh Promtransproekt» ЖШС. Даладағы зерттеулер мамырда аяқталды. Қазір бастапқы деректер жиналып, тұжырымдамалық жобалау нұсқалары әзірленуде. Жобалаық-сметалық жұмыстар 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Содан соң облыс құрылысқа бюджеттік өтінім береді, - деді ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Жоба құны шамамен 115 млрд теңгені құрауы мүмкін.
Көпір құрылысын жүзеге асыру үшін қытайлық 2Loungian Road and Bridge Co. Ltd. компаниясымен меморандумға қол қойылды. Егер дайындық уақтылы аяқталса, құрылыс келесі жылдың басында қолға алынады.
Пікірлер