Кеше өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Шемонаиха ауданына барып, бірнеше әлеуметтік-өндірістік нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен ол 1976 жылы құрылған Шемонаиха ұн тарту–құрама жем комбинатына барды. Қазір кәсіпорында 55 адам еңбек етеді. 2023–2025 жылдары комбинат өз қаражаты есебінен 684 млн теңге инвестиция құйып, қойма инфрақұрылымын кеңейту, өндірістік жабдықтарды жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның барлық аймағымен қатар, Қытай, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне экспортталады. Комбинат өндіріс қуатын жылына 30 мың тоннаға дейін арттыруды, ал шикізат қоймасының сыйымдылығын 60 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сапар барысында Нұрымбет Сақтағанов Сугатовка ауылында жаңадан құрылған өрт сөндіру бекетіне де барды. Аудан әкімдігі мен жергілікті шаруа қожалықтарының қолдауымен ашылған бұл нысан ауылдағы өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта өрт сөндіру бекеті облыс әкімі мен ҚР Төтенше жағдайлар министрінің қатысуымен ресми түрде ашылмақ.
- Өрт сөндіру бекеті барлық қажетті техника және жабдықпен қамтамасыз етілген. Бұрын өрт шыққанда мамандар жеткенше біраз уақыт жоғалтатынбыз. Жаңа нысан Сугатовка ғана емес, маңайдағы Горкуново мен Кенюхово ауылдарының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмысты өзге елді мекендерде де жалғастырамыз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер