2026 жылдан бастап медициналық қызметтердің бағасы кезең-кезеңімен көтеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, қазіргі тарифтер шығынды толық өтемейді, соның салдарынан медициналық ұйымдардың қарызы өсіп жатыр.
Мәселені шешу үшін қосымша қаржы бөлініп, халық ең жиі қолданатын 200-ге жуық қызметтің тарифі қайта есептеледі. Бұл жұмысқа 103 млрд теңге қарастырылған. Жаңартылған бағалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Министр протон терапиясы, жаңа сәулелік терапия, МРТ мен КТ секілді заманауи диагностиканың құны да қайта қаралып, қолжетімді болатынын айтты. Осы өзгерістердің нәтижесінде ел бойынша бұрын жабылған 2700-ден астам стационарлық төсек-орын қайта ашылады.
Жаңа тарифтердің өсу мөлшері әр қызмет бойынша әртүрлі болады. Мысалы, инфекциялық бағыттағы қызметтер екі есе қымбаттайды, абдоминалдық хирургия тарифтері 40 пайызға өседі, ал терапиялық қызметтердің көбінде баға 40-85 пайыз аралығында өзгереді.
Пікірлер