A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:00 0

Тігінмен өрілген табанды жұмыс: Катонқарағайлық кәсіпкер шығаратын киімдер Еуропада сауадаланып жатыр

Бүгін / Сұхбат

Қазір кәсіптің түр-түрі дамып келеді. Соның ішінде кондитерлік, тағам өндірісі және отандық киім тігу ерекше қарқын алуда. Дегенмен туристерге және табиғат аясындағы демалысқа арналған кәсіби киім табу әлі де қиын. Бұл бағытта өнім шығаратын жергілікті кәсіп иелері саусақпен санарлық. Солардың бірі – «Altay Outwear» брендінің негізін қалаушы Саят Бауыржанұлы. Шағын цех айына 20-30 дана киім үлгісін шығарады. Біз кәсіп иесімен осы бағыттағы жұмысы жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Саят мырза, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз?

– Мен «Altay Outwear» брендінің негізін қалаушы әрі дизайнерімін. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай өңірінде дүниеге келдім. Бұл – табиғаты ерекше, орман, өзен және тау үйлесім тапқан жер. Балалық шағым табиғаттың дәл ортасында өтті. Сол себепті тау мен дала өміріне қызығушылық, табиғатқа ерекше сүйіспеншілік бала кезден қалыптасты. Ол менің қазіргі кәсібіме де арқау болды десем болады. Тау төскейінде жүгіріп өскен мен үшін демалысқа ыңғайлы киім шығару идеясы осылайша пайда болды.

 

– Сонда тау етегінде өткен ғұмыр да осы бастамаңызға себепші ғой?

– Жалпы, идея өмірлік тәжірибеден туды. Өзім жиі тауға шығамын. Сол кезде сапалы әрі көп функционалы киім табудың қиын екенін түсіндім. Шетелдік брендтердің бағасы тым жоғары, ал отандық нарықта халықаралық outdoor стандарттарына сай өнім жоқтың қасы. Сол кезде: «Неге өзімізге, өз климатымызға сай өнім жасамаймыз?» деген ой келді. Алғашқы үлгілерді өз қолыммен тігуден бастадым.

– Кәсіптің алғашқы қадамы қалай басталды? Қиындықтар болды ма?

– Бәрі қарапайым тігін машинасынан басталды. Бастапқыда негізгі қиындықтар сапалы материал табу, фурнитура іздеу, технологияларды меңгеруге келіп тірелді. Мембраналық мата тігу оңай емес. Тігісті дұрыс желімдеу, су өткізбейтін стандартпен жұмыс істеу, үлгі дайындау барлығы тәжірибені қажет етеді. Бірақ әр қиындық маған жаңа тәжірибе берді. Кейін шағын өндіріс орнын аштым. Қазір дизайн, технология және өнім сынағы толықтай өзіміздің цехта жүргізіледі.


– Киімдеріңіздің басты ерекшелігі қандай?

– Ең үлкен ерекшелік – өнімнің Қазақстан табиғатына бейімделуі және отандық өндірісте жасалуы. Біз климат пен жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, әр киімнің функционалын нақты жағдайға сай жасаймыз. Екінші ерекшелік сол, дизайн философиясы. Бізде артық сән емес, сенімділік бірінші орында. Жылдам модаға қарсымыз. Киім ұзақ уақытқа қызмет етуі керек.

 

– Киім қандай материалдардан тігіледі? Экологиялық немесе функционалды ерекшеліктері бар ма?

– Жоғары технологиялы мембраналық материалдарды пайдаланамыз. Олар су өткізбейді, ішкі ылғалды шығарады, желге төзімді әрі жеңіл. Сонымен қатар YKK (жапондық бренд, (Yoshida Kogyo Kabushikikaisha) ілгектері мен жоғары сапалы фурнитураларды қолданамыз. Қажет болған жағдайда кордура немесе кевлар тәрізді күшейтілген маталар пайдаланылады.

 

– Туризмге арналған киім тігуде қандай талаптар ескеріледі?

– Outdoor киім – жай сән емес, бұл инженерлік бұйым. Үш негізгі қағиданы ұстанамыз:

  1. Қорғау – жел, жаңбыр, қар, суықтан барынша қорғаныс;

  2. Жеңілдік және икемділік – қозғалысты шектемеу;

  3. Төзімділік – тас, беткей немесе құрал-жабдықпен үйкеліс кезінде тозбау. Дұрыс пішім мен тігіс сапасы — басты талап.

 

– Өнім кімдерге арналған? Тек кәсіби туристер ме, әлде қарапайым демалушылар да пайдалана ала ма?

– Altay Outwear төрт бағытта жұмыс істейді: TAU – альпинизм және жоғары тау экспедициялары; QAR – ски-тур және қысқы спорт; DALA – треккинг пен жаяу туризм; QALA – қалалық және күнделікті киімдер желісі. Яғни тек кәсіби альпинистерге емес, табиғатта демалғанды ұнататын барлық адамдарға арналған өнімдер бар.

– Клиенттеріңіз негізінен қай өңірден?

– Негізгі аудитория – 18–50 жас аралығындағы белсенді өмір салтын ұстанатын адамдар. Көбі Алматы мен Өскемен қалаларынан. Сонымен қатар блогерлер, гидтер, туристік клубтар және нұсқаушылар тұрақты тұтынушыларымыз. Бұдан бөлек Ресей, Қырғызстан, Грузия, Еуропа елдері, сондай-ақ Аустралия мен Чилиден де тапсырыстар түседі. Қазақстанға келетін шетелдік альпинистер де қызығушылық танытады. Бұл – брендтің халықаралық нарыққа шығуына жақсы мүмкіндік.


– Брендтің Қазақстан және шетел нарығындағы орны қандай?

– Қазақстанда outdoor нарығы әлі қалыптасу сатысында. Сол кеңістікте біз өз орнымызды анық белгілеп келеміз. Altay Outwear – жоғары технологиялы, тауға арналған функционалды киім шығаратын сирек отандық брендтердің бірі. Алда Орта Азия мен Ресей нарығына шығу жоспарда. Әрі қарай Еуропа елдеріне экспортты қарастырып жатырмыз.


– Өнімдеріңіздің орташа бағасы қандай?

– Баға материалдың деңгейіне және қолдану мақсатына байланысты.
Мысалы:

- мембраналық тауға арналған күртелер – 65 000–99 000 тг,

- жартылай комбинезондар – 50 000–80 000 тг,

- қалалық желі – 35 000 тг-ден,

- флистер мен жеңіл қабаттар – 25 000–40 000 тг.

Мақсатымыз – сапа мен баға арасындағы тепе-теңдікті сақтау.


– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жаңа өнімдер бола ма?

– Қазір DALA желісіне арналған треккинг киімдері мен QALA қалалық коллекциясын дайындап жатырмыз. Сонымен қатар рюкзактар, жеңіл баулдар, аксессуарлар, жылытқыш midlayer өнімдерін шығару жоспарда. Барлығы – климатқа бейімделген, функционалды шешімдер.

– Онлайн сауда және экспорт бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Сайт және әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдаймыз. Қазір халықаралық жеткізу жүйесін жолға қоюмен айналысып жатырмыз.

– Ұлттық нақыштағы немесе экотуризмге бағытталған коллекция жасау жоспарда бар ма?

– Иә, экотуризм – біздің философиямызға жақын бағыт. Қайта өңделген немесе табиғи материалдардан жасалған экологиялық коллекция дайындау жоспарда бар. Сондай-ақ ұлттық өрнектерді заманауи минималистік стильде қолдану ойда бар.

 

– Кәсіп ашамын деген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – мақсат қойып, табанды болу керек. Үлкен нәтижені бірден күтпеңіз. Кішкентай қадамнан бастаңыз, бірақ жүйелі жұмыс істеңіз. Нарықты зерттеңіз, өзіңіз сүйетін істі таңдаңыз. Көп дүние тәжірибемен, еңбекпен келеді. Егер істің маңыздылығына сенсеңіз, нәтиже міндетті түрде келеді.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив