Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
- Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз. Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты.
- Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Пікірлер