ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл шешім өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында қабылданды.
- Шнайдер көпіріндегі апаттан кейін облыс әкімінің протоколдық тапсырмасымен құқық қорғау органдарының қатысуымен тексеріс жүргізілді. Соның қорытындысында басқарманың бұрынғы басшысы Данияр Уахитовтың заңға қайшы әрекеттері анықталды. Іс бойынша соңғы құқықтық бағаны уәкілетті органдар береді, - делінген ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Облыс әкімдігі ашықтықты қамтамасыз ету, тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызметшілер жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Пікірлер