Бүгінде Қазақстанда 4500-ден астам адам бауыр, бүйрек, жүрек және жүрек-өкпе трансплантациясын қажет етеді. Оның 232-сі шығысқазақстандық, арасында 7 бала бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл облыста 2 операция жасалды.
- Бес әлеуетті донор анықталып, тек екі науқастың туыстары келісім берді. Соның арқасында біз 12 қазақстандыққа екінші өмір сыйладық, - деді ШҚО бойынша республикалық трансплантология орталығының өңірлік үйлестірушісі Аслан Нұрғалиев.
Оның айтуынша, ең қиыны - жақындарының келісімін алу. Дегенмен бас тартатындар саны артып келеді. Өңірде 6000-нан астам адам донорлықтан бас тартты.
- Өңірде тек 360 азамат донорлыққа келісім білдірді. Қиын жағдайларда шешімді туыстары қабылдайды. Дегенмен қазір азаматтар eGov.kz платформасы арқылы тірі кезінде донорлыққа келісім бере алады. Олар кез келген уақытта өз пікірін өзгерте алады, - деді Аслан Нұрғалиев.
Айта кету керек, егер адам келісім берген болса, мамандар трансплантация үшін туыстарынан рұқсат сұрамайды.
Пікірлер