Өскемен қалалық полиция басқармасы 5-ші желтоқсаннан 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел алдын алу мақсаты сол, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату, қолдану фактілерін анықтау және жолын кесу.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, Жаңа жыл қарсаңында және мереке күндері полицейлер пиротехникалық өнімдерді сату мен қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын ерекше бақылауға алады.
– Сертификатталмаған бұйымдардың сатылуына жол бермеу және отшашулар мен басқа да пиротехникалық құралдарды дұрыс пайдаланбауға байланысты жиі болатын оқиғалардың алдын алу басты назарда, – делінген ақпаратта.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары тұрғындарды пиротехниканы қолдану ережелерін қатаң сақтауға, оны тек мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуға және қолданар алдында нұсқаулықпен мұқият танысуға шақырады. Сондай-ақ қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау жарақаттарды болдырмауға көмектесетінін еске салады.
– Пиротехниканы заңсыз сату немесе қауіпті қолдану фактілері бойынша полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлау сұралады, – делінген ПБ хабарламасында.
Фото: dknews.kz
Пікірлер