Тәуелсіздік күні қарсаңында «Бекзат 2024» ауыл шаруашылық өнеркәсібі «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен жем-шөп өндіруге арналған жаңа цехке қажетті жабдықтар алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуының айқын көрінісі.
Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев жаңа өндіріс орнын ресми түрде ашып, оның аудан үшін маңызын атап өтті.— Ауыл шаруашылығын дамыту — біздің өңір үшін стратегиялық бағыт. Жаңа цехтің іске қосылуы мал өсіретін шаруаларға үлкен қолдау болып, аудан экономикасына жаңа серпін береді. Осындай жобалар арқылы ауыл кәсіпкерлеріне нақты мүмкіндік жасалып отыр, — деді аудан әкімі.
Өндіріс орнының иесі — Данияр Оразиманов. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша төмен пайызды несие алып, жобасын іске асырғанын айтты.
— AMANAT партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне зор мүмкіндік беріп отыр. Алған несиемнің арқасында осы цехті ашып, қажетті жабдықтарды толық орнаттым. Енді аудан шаруаларын сапалы жем-шөппен қамтамасыз етіп, жұмысты кеңейтуді көздеп отырмын, — деді кәсіпкер.
Жаңа цех мал шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, аудан аумағындағы шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтуға мүмкіндік береді.
Пікірлер