A+ A A-

talgatzhan 42 11-12-2025, 09:25 0

Өскеменде «Асық ойынының түрлері» кітабының тұсауы кесілді

Бүгін / Өскемен

А.С. Пушкин атындағы кітапханада этнограф, өнертанушы, асық ойынын зерттеп, ұлттық құндылықтарды түгендеп жүрген Ермек Кәрімбекұлының «Асық ойынының түрлері» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұйымдастырушылар сөзінше, асық ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулитын ойын. 
– Ол – тек қазақтың ғана емес көшпенділердің ертеден келе жатқан ойындарының бір түрі. Асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу үлкендердің де, жас балалардың да денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады, – дейді шараның басы-қасында жүргендер.
Автор «Асықтың тәрбиелік мәні», «Асық ойынының түрлері», «Асықтың атаулары» сынды көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кітап тұсауын кескен Тоқтарбек Мағзұмов, Досмұрат Жидеханұлы, Бердібек Бияров сынды ел ағалары ақ тілектерін ақтарып, кітапқа ақ жол тіледі. Шараға келген Ермектің туыстары және әулеттің атынан сөйлеген автордың інісі Серікхан Кәрімбекұлы – ізгі тілектерін жеткізіп, сый-сияпат тапсырды. Ермек Кәрімбекұлының өмірдегі, өнердегі інісі Аян Қалымбек жырдан шашу шашты. 
– Қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Ойындағысы, арманы орындалып, жолы болу, ісі өрге басу деген мағынаға саяды. Бүгінгі гаджетке тәуелді ұрпаққа қазақтың ұлттық ойынын насихаттап, үйретіп жүрген Ермекке ақ жол, сәттілік тілейміз! – дейді ұйымдастырушылар.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив