2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 95,9 пайызға жетті. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Кейінгі 5 жылда еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 650-ден 12 мыңға (11 909) жуықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлермен балабақшаларды іске қосу жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспар іске асырылып отыр. 2023 жылдан бері 182 мың жаңа орын ашылды (60,7%). Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Кезектегі 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 95,9 пайызға жетті, - деді М. Мелдебекова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет сапасын және ашықтықты арттыру мақсатында 2024 жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылғанын еске салды.
- Бүгінде пилоттық жобаға 20 қала, 16 аудан қосылды. Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру арқылы 5 231 балабақшаға 726 мың ваучер берілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп, жаңа ваучерлерді қаржыландыруға мақсатты түрде бағытталды. Бұл қадам кезектілікті 44%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Ваучерлік жүйе процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етті. Жаңа жүйе «ақша баламен бірге жүреді» принципі бойынша жұмыс істейді. Ата-аналарға таңдауды өздері жасауға және балабақшаны ауыстыруға мүмкіндік берілді, - деді вице-министр.
Пікірлер