A+ A A-

talgatzhan 37 11-12-2025, 13:30 0

Шемонаиха ауданында ауыз толтырып айтарлық қандай өзгерістер бар?

Бүгін / Шемонаиха

3 желтоқсанда ШҚО әкімі Нұрымбет Сақатағанов Шемонаиха ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс басшысы бірқатар нысанды аралап, аудан тұрғындарымен кездесіп, маңызды мәселелерді тыңдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алты ауылға интернет тартылады

Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде облыс басшысы ең алдымен баяндама жасады. Ол туризм, инфрақұрылым, инвестиция және әлеуметтік сала бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биыл ауданда жаңа демалыс орындары салынуда. Өңір басшысының айтуынша, аталған жобалардың жалпы құны – 68 млн теңге.
– «Раздолье» демалыс базасын кеңейтуге 17 млн теңге бөлінді. Шемонаиха қаласында 20 орындық қонақүй кешенін орналастыру үшін ғимаратты қайта жаңарту жұмыстарына 35 млн теңге бағытталды. Березовка ауылында да жаңа демалыс базасы салынып жатыр, оған 8 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Марин жартасы маңында ат туризмін дамыту бойынша қымызхана салу жобасы іске асуда, оның құны – 8 млн теңге. Бұл жұмыстар ауданның туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысы Шемонаиха ауданына келген туристер санының төмендегенін атап өтті. Биыл олардың саны 2900-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға азайды.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, аудан халқының 95,1 пайызы интернетпен қамтылған. Белгілі болғандай, Большая Речка және Медведка ауылдарында базалық стансаның құрылысы аяқталып, мобильді интернетті іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
– Аудан аумағындағы республикалық трасса бойымен байланыс инфрақұрылымын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қалған алты елдімекенді интернетпен қамту жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аудандағы жылу желісіндегі сорғы стансасының құрылысы да жалғасып жатыр. Жалпы құны 1 млн теңгені құрайтын жоба Усть-Таловка кентіндегі «Востокэнерго» ЖШС-ға тиесілі. Анықалғандай, қазір  ауданда екі орталық қазандық жұмыс істеп тұр. Оның бірі – Усть-Таловка кентіндегі «Востокэнерго» ЖШС-ның орталық қазандығы, екіншісі – Шемонаиха қаласындағы «Шемонаиха су арнасы» ЖШС-ға қарасты қазандық. Шемонаиха ауданына 2029 жылға дейін 130 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Облыс басшысының сөзінше, ауданның 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 127,3 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған. 

– Жеке инвестициялар есебінен өткен жылы Рулиха ауылында 480 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма кеңейтілді. Сондай-ақ 154 орындық «Балу» балалар ойын-сауық орталығы салынды және шұжық цехі ашылды. Ал биыл аудан орталығында «Сивер плюс» кәсіпорны 380 млн теңгеге сүт өңдеу өндірісін іске қосса, ұн тарту-құрама жем комбинаты өндірісті ұлғайтты, – деді аймақ басшысы.

 

Көпір салынса, көрім еді

Ауданда мал шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 20 мың бас ірі қара, 12 мың бас қой мен ешкі, 3 мың жылқы бар. Білім беру саласында да оң өзгерістер байқалады. Ауданда биыл 8 білім ордасы жөнделген.

– Былтыр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шемонаиха қаласында 300 орындық жаңа мектеп салынып, 14 нысанға жөндеу жүргізіліп, 2 мектепке физика және химия кабинеттері сатып алынды. Биыл 5 мектепке 7 оқу кабинеті сатып алынды, – деді әкім.
Ауданның медицина саласында да өзгерістер бар. Жыл басынан бері Шемонаихада қатерлі ісікке шалдыққандар саны 12,8%-ға, қант диабетімен ауыратындар 33,2%-ға төмендеген.
Жиын барысында аудан халқы өздерін толғандырған бірқатар маңызды мәселені көтерді. Кездесуде алғашқы болып сөз алған қала тұрғыны Данагүл Бұғыбаева 3, 4 және 5-ші ықшам аудандарға дәрігерлік амбулатория қажеттігін айтты. Оның сөзінше, мұнда халық тығыз орналасқанымен, медициналық қызмет алуға қолайлы жағдай жасалмаған. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бұл мәселенің назарда екенін жеткізді.

– Дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Құрылыс 2026 жылдың ақпан айының басында басталуы тиіс. Келесі жылы жобаны қаржыландыру қарастырылады, – деді ол. 

Кездесу барысында өзге тұрғындар да жол жөндеу, су құбырының тозуы, қоғамдық көлік тапшылығы сынды сұрақтарын қойды. Әкім барлық ұсынысты бейінді басқармаларға жолдап, шешілу барысы қадағаланады деп уәде берді. Сондай-ақ, Үбі өзені арқылы жаңа көпір салатыны белгілі болды.


Өрт сөндіру бекеттері салынады

Шемонаиха ауданында бүгінде өртке қарсы үш мемлекеттік бөлімше және жеті өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Биыл олардың қатары Камышинка және Октябрьское ауылдарында ашылған жаңа бекеттермен толығып отыр. Бұл нысандар аудан әкімдігі мен жергілікті шаруашылықтардың қолдауымен салынып, ҚР ТЖМ тарапынан берілген арнайы техникамен толық жабдықталған.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Вавилон ауылдық округінің Сугатoвка ауылындағы жаңа өрт сөндіру бекетіне барып, оның дайындығын тексерді. Бағдарлама ауылдарда өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды мақсат етеді. Алдағы уақытта бұл өрт сөндіру посты облыс әкімі мен ҚР ТЖ министрінің қатысуымен ресми түрде ашылмақ.
— Бұл бекеттің ашылуы ауылдық аумақтар үшін аса маңызды. Бұған дейін өрт сөндіру бөлімшелері қаладан немесе аудан орталығынан келіп жеткенше ұзақ уақыт өтетін. Ал ауылдың өзінде техника дайын тұрса, жергілікті халық пен шаруашылық жұмысшыларын жұмылдырып, үлкен өрттің алдын жылдам алуға болады. Алыстағы ауылдарда орман, шабындық, түрлі өндіріс орындары орналасқан, оларды тілсіз жаудан қорғау — басты міндет. Дәл осындай тағы төрт бекет салынады. Биыл барлығы бес нысан ашылады. Келесі жылы отыз өрт сөндіру бекетін салу жоспарланып отыр. Ғимарат пен ішкі жабдықтарды жергілікті әкімдік пен шаруашылық басшылары қамтамасыз етсе, қажетті техниканы министрлік береді, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сугатoвка ауылындағы өрт сөндіру посты 561 тұрғыны бар елдімекенді ғана емес, сондай-ақ жақын орналасқан Горкуново (83 адам) және Кенюхово (244 адам) ауылдарының қауіпсіздігін қамтиды. Одан кейін облыс әкімі Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинатына барды. 1976 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 55 адам жұмыс істейді. 2023-2025 жылдары комбинаттың өз қаражаты есебінен 684 млн теңге инвестиция салынуда. Бұл қаражат қойма инфрақұрылымын кеңейтуге және өндірістік жабдықтарды жаңартуға жұмсалады. Комбинат өнімдері Қазақстанның барлық өңіріне таралып қана қоймай, Қытай, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне экспортталады. Кәсіпорын өндіріс көлемін жылына 30 мың тоннаға дейін ұлғайтуды, ал шикізат қоймасының сыйымдылығын 60 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив