Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапарымен барып, халықпен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, ауданның агроөнеркәсіп кешенінде, өнеркәсіпте және туризмде даму әлеуеті бар.
– Үлкен Нарын ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 3 млрд теңге бюджет қаражатын және 9,6 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарланған. Жеке инвестициялар есебінен былтыр 4,3 млрд теңгеге «Приморск» базасы («Мұзтау и К» ЖШС) кеңейтіліп, Үлкен Нарын ауылында 35,6 млн теңгеге 24 орындық хостел (ЖК Ағажаева А.С.) ашылды. Сондай-ақ 50 млн теңгеге дүкен (ЖК Байжумин Д.) кеңейтілді, – деді ол.
Ал биыл Үлкен Нарын ауылында 29,5 млн теңгеге ет және ет өнімдерін өңдеу цехі (ЖК Қасенов), 31,4 млн теңгеге шағын қонақүй («Алға» ӘКК, Абраимов З.) ашылды. Көктерек ауылында 10 млн теңгеге наубайхана (ЖК Даулетқанова) іске қосылып, «Приморск» туристік базасында 400 млн теңгеге пантымен емдеу орталығының құрылысы жүргізілуде («Мұзтау и К»ЖШС).
– Үлкен Нарын ауданы әкіміне ауданның даму жоспарына енгізілген іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын тапсырамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, облыста экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін өңірлік жобалық кеңсе құрылып, барлық қала мен аудан бойынша бес жылдық экономикалық өсу нүктелерінің жоспары бекітілгені (2,8 трлн теңге) белгілі болды. Сондай-ақ ауылдық округтер үшін жол карталары қабылданды.
Әр қала және аудан әкімімен 2025 жылға арналған KPI-ға қол жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды. Олар өңірді дамытуға бағытталған нақты жобалар мен іс-шараларды қамтиды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер